Кәсіпқой боксшы Жолдас Жеңісов Ақтауда жекпе-жекке шығады
Кәсіпқой боксшы Жолдас Жеңісов 1 ақпан күні Ақтауда Өзбекстан спортшысымен шаршы алаңда кездеседі, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының (ҚКБФ) командасы Ақтауға жұмыс сапары аясында Adal Promotion және R12 Promotion жетекші промоутерлік компанияларының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында қаңтар айының соңында өңір тұрғындарын күтетін ауқымды спорттық іс-шаралар туралы мәлімдеді.
Белгілі болғандай, 31 қаңтарда мамандандырылған төрешілерге арналған семинар өтпек. Ал 1 ақпанда бірлескен ауқымды бокс кешін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Турнирдің басты жекпе-жегінде қазақстандық боксшы Жолдас Жеңісов Өзбекстан өкілімен өзара мықтыны анықтмақ.
Аталған кездесу барысында тек алдағы турнирге дайындық барысы ғана емес, сонымен қатар 2026 жылы Маңғыстау облысындағы кәсіпқой боксты дамыту жоспары да талқыланғаны айтылды. Бұл ретте жарыстардың ұйымдастыру деңгейін арттыруға және ҚКБФ мен жеке промоутерлік ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылып отыр.
Айта кетейік, Adal Promotion промоутерлік компаниясы 2021 жылы Ақтау қаласында құрылған. Содан бері аталған ұйым бірнеше кәсіпқой бокс кешін өткізіп, жергілікті жанкүйерлер үшін естен кетпес жекпе-жектер ұсынды.
Жолдас Жеңісов кәсіпқой бокста 57,1 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ол осыған дейін кәсіпқой бокста 9 жекпе-жек өткізген.