Ақтауда пайдаланылған шприцтерді көшеге тастаған азаматқа қатысты іс қаралды
Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қоғамдық орындарды ластағаны үшін Х.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметінің мәліметіне сай, 2026 жылғы 7 қаңтарда азамат Х. 7 шағынаудандағы 19 үйдің артында, яғни, қоғамдық орында пайдаланылған шприцтерді жерге тастап, ортақ пайдаланылатын орындарды ластаған және айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.
Құқық бұзушы Х.-ның кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, полиция қызметкерлерінің рапорттарымен және бейнежазбамен дәлелденді.
Х. өз кінәсін мойындап, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сот жаза тағайындау кезінде жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде кінәні мойындауды ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Осыған байланысты сот ӘҚБтК-нің 434-2-бабының 1-бөлігінде көзделген 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшеріндегі айыппұлды 30 %-ға қысқарту мүмкін деп тауып, түпкілікті 30 275 теңге көлемінде айыппұл тағайындады.
Сот қаулысымен Х. ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 30 275 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.