Otpan News Logo

Маңғыстау ауданында әлеуметтік инфрақұрылымның әлеуеті артты

|
09.01.2026 15:58
Маңғыстау ауданында әлеуметтік инфрақұрылымның әлеуеті артты

Маңғыстау ауданы Шетпе ауылындағы Ащыбұлақ және Жаңаорпа шағынауданын сумен қамту жобасының бірінші кезеңі аяқталып, қазір ұңғымаларды қазу және су қоймаларын салу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте аудан әкімі Ғалымжан Ниязов айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.


- Онды ауылындағы «Бесшоқы» балалар лагерін инженерлік желілермен қамту үшін электр және газ желілері тартылып, құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Тасмұрын-Тиген бағытында ұзындығы 50 шақырым газ құбыры пайдалануға берілді. Жыңғылды ауылындағы Қожагелді батыр шағынауданында электр, газ және су желілері толық тартылды. Шайыр ауылында 36 тұрғын үйге жер асты суының көтерілуінен келген залалды жою мақсатында ұзындығы 3,8 шақырым дренаж жүйесі салынды. Жоба аясында 92 құдық орнатылып, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда нысанды теңгерімге беру жұмыстары жүріп жатыр, - деді аудан әкімі. 



Сонымен қатар, Сайөтес, Тұщықұдық, Қызан және Ұштаған ауылында өрт сөндіру пункті ашылды. Шетпе ауылында бос тұрған екі қабатты ғимарат шағын отбасылық пәтерлерге лайықтап бейімделіп, тұрғын үй қорын толықтыруға бағытталды.


Ғалымжан Ниязовтың айтуынша, ауданда соңғы жылдары білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылды.



– Шетпенің Қосбұлақ-2 шағынауданында 600 орындық жаңа «Келешек» мектебі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, А.Меңдалыұлы атындағы мектеп жанынан 200, ал Тұщыбек мектебінің жанынан 160 орындық қосымша оқу корпусы салынып, пайдалануға берілді. Білім беруде инклюзияны дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Былтыр оқушыларға арналған 50 орындық «Балалар инклюзивті академиясы» қоғамдық бірлестігінің филиалы ашылып, бүгінде 12 бала білім алып жатыр. Сонымен бірге, 6 мектеп пен 6 бөбекжайға жөндеу жұмыстары жүргізілді,- деді Ғалымжан Ниязов.

91
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!