Маңғыстау ауданы: Агросектордағы өсім мен жас мамандарға қолдау – 2025 жылдың қорытындысы
Маңғыстау ауданындық әкімдігінің 2025 жылғы қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында оң серпін байқалып, әлеуметтік қолдау шаралары жаңа деңгейге көтерілді. Аудан әкімдігінде өткен жиында 2025 жылдың негізгі көрсеткіштері сараланып, 2026 жылға арналған жоспарлар таныстырылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рахымжан Сүлейменовтің мәліметінше, қазіргі таңда өңірдегі мал басының саны 215 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш 598 шаруа қожалығы мен 3642 үй шаруашылығының еңбегінің нәтижесі.
Мемлекет тарапынан шаруаларға айтарлықтай қаржылай көмек көрсетілген. Жем-шөпке арнап 238 шаруа қожалығына 654,5 млн теңгеден астам субсидия төленді. Сондай-ақ 5 қожалыққа техника алу үшін 15 млн теңге, ал 11 қожалыққа тыңайтқыш шығындарын өтеуге инвестициялық көмек берілді.
Бұдан бөлек 184 га жерге егін егіліп, 190 тонна көкөніс пен 4895 тонна бақша өнімдері жиналды. Сондай-ақ ветеринария саласын дамыту мақсатында модульдік пункттер құрылып, сала мамандарына 13 жаңа автокөлік табысталды.
Аудан экономикасын дамытумен қатар, кадрлық әлеуетті нығайту жұмыстары да қарқынды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Орынғали Күзембаевтың айтуынша, 2025 жылы 116 жас маман 45,6 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек алса, 55 маман баспаналы болды.
«2026 жылы біз бұл көрсеткішті арттыруды жоспарлап отырмыз. Биыл 120 жас маманға әлеуметтік төлем беріліп, 50 маманды жеңілдетілген несиемен тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделуде»,- деді бөлім басшысы.