Otpan News Logo

Қарақия әлеуеті: Балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығында серпін бар

|
09.01.2026 18:38
Қарақия әлеуеті: Балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығында серпін бар

Қарақия ауданында өндірістік қуат артып, шаруашылықтың жаңа бағыттары қарқынды дамып келеді. Былтыр ауданда 3,4 мың тонна балық ауланып, мал басы мен егін өнімінде де оң көрсеткіштер тіркелді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте аудан әкімі Сымбат Төретаев мәлімдеді.


Аудан аумағында балық шаруашылығын өркендету үшін нақты қадамдар жасалуда. Қазіргі таңда 11 балық аулау учаскесінің 8-і табиғат пайдаланушыларға беріліп, тиімді пайдаланылуда.


Саладағы ең ірі жаңалық — «Органик Фиш» компаниясының инвестициялық жобасы. Жоба мақсаты – Песчанный мүйісі жағалауында Каспий албыртын (лосось) тор қоршамаларда өсіру.2028 жылдың аяғына дейін 5 мың тонна балық өсіру жоспарланған. Сондай-ақ 80 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. 


Аудандағы ауыл шаруашылығы саласы да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бүгінде 580 шаруа қожалығында 87 мың бас мал тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 мың басқа көп.


Егін шаруашылығында бірқатар жетістік те бар. Мәселен, былтыр 165 гектар ашық алқап пен 2 гектар жылыжайдан 3 мың тонна өнім алынды. Қызылқұм аумағындағы 51 шаруа қожалығына егін шаруашылығын дамыту үшін 26 шақырым газ құбыры тартылды.


«Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында алты елді мекенге ветеринарлық пункттер алынып, жайылымдарды суландыру үшін 9 құдық қазылды. Сондай-ақ, шаруаларға техника сатып алу мен тыңайтқыштар үшін мемлекеттік субсидиялар берілуде», — деп атап өтті Сымбат Төретаев.


Айта кетейік, бұл жұмыстар Қарақия ауданының өңірлік экономикадағы үлесін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.


112
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!