Ақтауда әскери теңізшілер соғыс ардагерін құттықтады
Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Әскери-теңіз күштерінің қызметкерлері Ақтауда 99 жасқа толған соғыс ардагері Василий Салазкинге министрдің атынан құттықтау хатын табыстады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қорғаныс саласының өкілдері ардагерге Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ерлігі үшін шексіз құрмет көрсетіп, оған денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
«Сіз халқымыздың қаһармандық тарихының тірі куәгері ретінде ерлік, намыс пен қайсар рухтың жарқын бейнесісіз. Сізге алғысымызды білдіріп, жеңімпаз ұрпақтың ерлігі алдында басымызды иеміз», – деді әскери бөлім командирі 1-ші дәрежелі капитан Есенғали Байботаев.
Василий Салазкин І Қиыр Шығыс майданы құрамында соғысқан. Кіші сержант шеніне дейін көтерілген. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» және «Кеңес Одағының маршалы Г. К. Жуков» медальдарымен марапатталған.
Ардагер тұратын үйдің ауласында Әскери-теңіз күштерінің оркестрі соғыс жылдарындағы әуендерді орындап, даңқты жауынгерлік дәстүрлер мен аға буынның ерлігін еске алды.