Бозжыраға баратын жол құрылысы қашан аяқталады?
Маңғыстау облысының Қарақия ауданында өңірдің негізгі туристік нысандарының бірі саналатын Бозжыра шатқалына апаратын асфальт жолдың құрылысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жобаны жүзеге асыруға 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жолдың жалпы ұзындығы 13 шақырымнан асады. Аталған құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың шілде айында аяқтау деп жоспарланған.
Жол құрылысы қатарында туристік аймақта екі визит-орталықтың құрылысы да жүргізілуде. Қазіргі таңда олардың бірі толық аяқталып, алдағы туристік маусымда пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Шерқала тауы маңында глэмпинг аймағының құрылысы басталды.
«Бозжыра» визит-орталығының жобасы 2025 жылдың ақпан айында қоғамдық тыңдаулар барысында өңір тұрғындарына таныстырылған болатын. Ал нысан құрылысы былтыр сәуір айында басталды.
«Бұған дейін Бозжыра шатқалына жету туристер мен жергілікті тұрғындар үшін өте қиын еді. Ол жерге тек жол талғамайтын көліктермен ғана баруға болатын. Жол құрылысы аяқталған соң табиғи көрікті орынға жеңіл автокөліктермен де жетуге мүмкіндік туады», - деді Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Санат Төкенов.