Ақтау қаласындағы тұрғын үй құрылыстарында заңбұзушылықтар анықталды
Ақтау қаласындағы құрылыс объектілеріне жүргізілген тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылық пен кемшілік анықталды. Бұл туралы Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Дәурен Өтепқалидің жазуынша, Маңғыстау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғын үй мен олардың құрылыс сапасына қатысты мәселелерге назар аударып, бірнеше обьектіге тексеру жүргізді. Нәтижесінде 39 шағынаудандағы «Sport city» тұрғын үй кешенінің қабылданғанына көп уақыт өтпесе де, сапаға қатысты кемшіліктер анықталды.
- «Sport city» тұрғын үй кешенінде құрылыс технологиясының сақталуы мен жобадан ауытқу фактілері орын алған, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Тұрғын үйде мүгедектігі бар адамдарға пандус салынбаған, жобада қарастырылған техникалық қабат салынбаған, тұрғын үйдегі қасбеттің сыртқы қабырғаларының әрлеу материалы жоба бойынша сұйық травертин болса, факт бойынша термопанель қолданылған, тұрғын үй қасбетінің сыртқы қабырғасының цокольдік қабат деңгейіндегі сыртқы әрлеуі терможабын плиткамен (термоплитка) қапталмаған, жоба бойынша тұрғын үйдің бірінші қабатында коммерциялық үй-жайлар орналасуы тиіс еді, алайда ол да салынбаған. Бұдан бөлек, домофон қондырғылары орнатылмаған. Заңбұзушылықтарды қалпына келтіру бойынша нұсқама берілді. Қалпына келтірілмейтін бұзушылықтар да бар. Уақытылы орындамаса, сот органдары арқылы мәжбүрлі орындатуға шара қолданамыз, - деп жазды Дәурен Өтепқали.
Сондай-ақ басқарма тұрғындардың өтініші негізінде 17 шағынаудандағы «Жанболат» тұрғын үй кешеніне жапсарлас салынған құрылыстың заңдылығын тексерді. Жапсарлас құрылыстың рұқсатнама құжаттары рәсімделмегені анықталды.
- Заңға сәйкес әкімшілік хаттама жасақталды, айыппұл сомасы мемлекет меншігіне өндірілді. Құрылысты бұзып, жер телімін бастапқы қалпына келтіруге нұсқама берілді, - дейді басқарма басшысы.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша 29 а шағынауданында тағы бір тұрғын үй заңсыз салынып жатқанын анықтады.
- 29 а шағынауданының 45 жер учаскесінде салынып жатқан тұрғын үйге тексеріс жүргізілді. Құрылыс салушы - «Alias story group» ЖШС. Рұқсатнама құжаттары толыққанды рәсімделмеген. Нысанға қатысты әкімшілік хаттама жасақталды. Салымшылардың өтініші негізінде алаяқтық фактісімен полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған. Алайда қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс тоқтатылды. Құрылыс салушы тұлға құрылыстың қауіп төндірмейтіні туралы құрылыс-техникалық қорытынды жасақтап, рұқсаттарын рәсімдеп, құрылысты жалғастырғаны абзал, - деп атап өтті Дәурен Өтепқали.