Ақтауда қылмыс деңгейі төмендеді
Ақтау қаласының полиция басқармасында есепті кезеңдегі жедел-қызметтік қызметінің қорытындысы бойынша кеңес өтті. Кеңеске Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Кеңесте департамент бастығы Сағындық Аяғанов облыс орталығындағы жедел жағдайға баға беріп, жұмыстың негізгі бағыттарын белгіледі, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін көтерді, сондай-ақ Ақтау қаласы полиция басқармасының басшылығы мен жеке құрамына нақты тапсырма берді.
Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша қаладағы қылмыстың жалпы деңгейі 13,3%-ға төмендеген.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға көңіл бөлінеді. Бұған дейін түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 2 535 ата-ана жауапкершілікке тартылды.
Алкоголь өнімін заңсыз өткізуге қарсы іс-шаралар аясында прокуратурамен және Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп, заңнаманы бұзуға жол берген 307 сауда нысанының иесі жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 4 007 алкоголь өнімі тәркіленді.
Бұдан басқа, қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін 3 962 азамат жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық қауіпсіздіктің деңгейін арттыру мақсатында қаладағы адамдар көп жиналатын орындарда 13 "SOS" жедел шақыру түймесі орнатылды, патрульдеу күшейтілді, сондай-ақ 123 спорттық және 89 мерекелік іс-шара кезінде қоғамдық тәртіп қамтамасыз етілді.
Департамент бастығы Ақтаудың туристік қала екені және өңірге қонақтардың келуі өскенін есептей отырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басым міндет болып қала беретінін атап өтті.