Бейнеуде емхана мен оңалту орталығы салынады
OTPANNEWS.KZ. - Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев жауапты сала басшыларымен бірге Бейнеу ауылында салынатын жаңа емхананың құрылыс алаңына барды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған медициналық нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Жаңа емхана бір ауысымда 250 адамды қабылдауға есептелген.
Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша «СМК-Атамекен» ЖШС жеңімпаз деп танылып, мердігермен келісімшарт жасалды.
Аудан әкімі мен жауапты сала басшылары болашақ медициналық нысанның құрылыс аумағын қарап, жер телімінің орналасу ерекшеліктерімен танысты. Құрылысқа қатысты ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Аудан басшысы жауапты сала басшыларына жер телімін дайындау жұмыстарын үйлестіруді және жобаның белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылуын бақылауды тапсырды.
Сонымен қатар аудан аумағында 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары және тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балаларға, сондай-ақ оңалту көмегіне мұқтаж ересектерге арналған 50 орындық оңалту орталығын ашу мәселесі қарастырылуда. Орталық оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, азаматтардың денсаулығын нығайтуға, қимыл-қозғалыс дағдыларын дамытуға және әлеуметтік ортаға бейімделуіне бағытталған.
Жаңа емхананың пайдалануға берілуі Бейнеу ауылының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.