Алаяқтарға жарнама жасаған блогерлер де жауапқа тартылуы мүмкін
OTPANNEWS.KZ – Әлеуметтік желідегі блогерлердің жарнамасына сеніп, Қытайдан арзан бағада тауар алуға тапсырыс берген азаматтар ақшасынан айырылып жатыр. Маңғыстауда да осындай алаяқтық деректері кездеседі.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Айболат Мырзашевтің айтуынша, алаяқтар танымал блогерлердің аудиториясын пайдаланып, техника мен тұрмыстық заттарды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсынатын жарнамалар таратады.
Блогерге сенген жазылушылар жарнамадағы сілтеме арқылы WhatsApp тобына қосылып, тауарға тапсырыс береді. Ақшасын алдын ала аударғанымен, уәде етілген затты ала алмайды. Біраз уақыттан кейін тапсырыс қабылдаған топ та жабылып қалады.
Полиция өкілінің сөзінше, мұндай жағдайда жарнаманы жариялаған блогердің де әрекетіне құқықтық баға берілуі мүмкін. Егер оның алаяқтыққа қатысы бары, яғни азаматтарды алдауға саналы түрде көмектескені анықталса, Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша жауапқа тартылуы ықтимал. Алайда тауарды жарнамалау фактісінің өзі қылмысқа қатыстылығын білдірмейді. Бұл мәселе істің мән-жайына қарай шешіледі.
Айболат Мырзашев блогерлерді жарнама берушілердің кім екенін, тауардың бар-жоғын және оны жеткізу мүмкіндігін алдын ала тексеруге шақырды. Ал тұрғындарға әлеуметтік желідегі арзан ұсыныстарға бірден сенбей, сатушы туралы ақпаратты анықтап алуға кеңес берді.