Otpan News Logo

Washington Post-та Маңғыстау туралы репортаж жарық көрді

|
08.01.2026 19:18
Washington Post-та Маңғыстау туралы репортаж жарық көрді

АҚШ-тың беделді The Washington Post басылымында Маңғыстау өңірі туралы көлемді репортаж жарияланды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Материалда америкалық журналист Дженнифер Мюллер Маңғыстаудың жолсыз даласы, бөгде ғаламшарға ұқсайтын геологиялық пішіні мен адам аяғы сирек тиетін табиғи кеңістігін әсерлі тілмен суреттейді.


Репортажда журналист жол талғамайтын көлікпен қуаң, жолсыз жазықты кесіп өтіп, тік әктас жоталарына бет алған сәтті «кино көрінісіндей» деп бейнелейді.


- Осы сәтте күрт шалқайып, арттағы Jeep-тен рация арқылы шыққан айқай-шу естілді. Біз бір сәтке өзімізді шынайы емес автокөлік жарнамасының ішінде жүргендей сезіндік — айналадағы көрініс соған сай еді. Екі әктас шыңының арасындағы асудан көлікпен түскенде, біз ай бетіндей көрінетін алқапқа көз салдық. Бұл аңғар Монумент Вэллиден кем түспейді, - дейді автор. 


Материалда жазушы Маңғыстаудың геологиялық тарихына да кеңінен тоқталады. Ол өңір миллиондаған жыл бұрын Тетис мұхитының түбінде жатқанын, Пангея ыдыраған соң су шегініп, табиғат мыңдаған жыл бойы бүгінгі Бозжыра, Тұзбайыр, Жығылған мүйісі секілді алып жыныстарды қалыптастырғанын айтады. Автор ақшыл жазықтан көкке шаншылған тас «қанаттар», меса тәрізді үстірттер мен ирек күмбездер аймақты жер бетіндегі өзге әлемге айналдырады дейді.


Репортажда Маңғыстаудың тарихи қыры да назардан тыс қалмайды. Автор Жібек жолының бір тармағында орналасқан көне керуен-сарайлар, мың жылдан астам бұрын үңгірлерге қашалып салынған сопылық ғибадатханалар мен некропольдер әлі күнге дейін пайдаланылып келе жатқандай әсер қалдыратынын атап өтеді.


Washington Post тілшісі аймақтағы ең ерекше орындардың бірі — Торышты, яғни «шарлар алқабын» да сипаттайды. Дженнифер Мюллер материалында «шарлар алқабының» пайда болуына қатысты жергілікті аңызды келтіреді. Сондай-ақ Маңғыстау өңірін әлі де әлемдік туризм үшін «ашылмаған бағыт» екені атап өтеді. Автордың жазуынша, өңірдің шалғайлығы, инфрақұрылымның аздығы мен қатал табиғи жағдайлар кей туристерді тежегенімен, дәл осы факторлар Маңғыстауды нағыз ерекше бағытқа айналдырады. 


Дженнифер Мюллер репортажында аймақта ресейлік, қытайлық және италиялық туристерді кездестіргенін, ал америкалықтар бұл аймақты енді ғана аша бастағанын да атап өтеді.


Автор Ақтау қаласы туралы да жазды. Каспий теңізінің жағасында орналасқан шахардың 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы атанғанын, халықаралық әуе қатынасының дамығанын және туристер үшін қолайлы базалық нүкте екенін атап өтеді. Сонымен қатар Маңғыстауды толық сезіну үшін бірнеше күндік экспедициялық турға шығу керек екенін жазады.


Материал соңында журналист аймақты жақсы білетін жергілікті гид Антон Дикиннің сөзіне назар аударады. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы Маңғыстауда тур жүргізіп келе жатқанын, алайда осы уақытқа дейін бірде-бір америкалық туристік топпен жұмыс істемегенін айтқан. Бұл факт Маңғыстаудың әлем үшін әлі де «ашылмаған» аймақ екенін көрсетеді. 


Washington Post-та жарияланған бұл репортаж Маңғыстаудың бірегей табиғаты мен тарихи-мәдени әлеуетін әлемдік аудиторияға таныстырып, Қазақстанның туристік картасындағы жаңа бағытқа назар аудартты.

64
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!