WhatsApp арқылы алаяқтық жасаған Мұнайлы ауданының тұрғыны сотталды
Мұнайлы аудандық сотында «WhatsApp» мессенджерін пайдалана отырып, екі немесе одан да көп адамға қатысты бірнеше рет алаяқтық жасаған (ҚР ҚК 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы) Т. есімді азаматшаға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты аудандық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот анықтағандай, сотталушы Т. заңсыз баю мақсатында WhatsApp желісінде «Ырысы бар Арзан Посудалар» және «Арзан Ыдыс Балжан Актау» атты топтар ашқан. Ол топқа туыстарын, таныстары мен құрдастарын қосып, өзі администратор болған. Топтағы ыдыс-аяқ сатылатыны туралы жарнамаға сенген жәбірленушілер оның шотына ақша аударып отырған.
Алаяқтық әрекеттердің салдарынан 6 адам алданып, материалдық шығын көлемі 35 миллион теңгеден асқан. Сотталушының кінәсі оның өз мойындауымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ түбіртектермен толық дәлелденді.
Прокурор сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер де қатаң жаза қолдануды талап еткен. Өз кезегінде сотталушы Т. кінәсін толық мойындап, асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеуді кейінге қалдыруды (ҚР ҚК 74-бабы, 1-бөлігі) өтінді.
Кінәсін толық мойындауы, шын жүректен өкінуі және асырауында 4 баланың болуы жазаны жеңілдетуші жағдаяттар ретінде қаралды. Ал қылмыстың қауіпті рецидиві (қайталануы) ауырлатушы жағдай ретінде тіркелді.
Сот үкімімен Т. кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 6 ай мерзімге жаза кесілді. Бұрынғы үкімдерді ескере отырып (ҚР ҚК 60-бабы), түпкілікті жаза 7 жылға бас бостандығынан айыру болып белгіленді.
Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Алайда, сотталушының асырауында кішкентай балаларының болуына байланысты, ҚР ҚК 74-бабына сәйкес, жазаны өтеу мерзімі 2 жылға кейінге қалдырылды.