Түпқараған ауданында инженерлік инфрақұрылым жаңарып жатыр
Түпқараған ауданында ауыз су мен электр қуатына қатысты өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Соңғы уақытта іске асқан және жоспарланған жобалар тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Форт-Шевченко қаласында теңіз суын тұщыту зауыты іске қосылып, қала халқы тұрақты ауыз сумен қамтылды. Аудан әкімінің айтуынша, бұл жоба су тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік берген. Бұл туралы Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күміскалиев Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
Алдағы уақытта су жүйесіне қатысты жұмыстар басқа елді мекендерде де жалғасады. Жыл соңына дейін Аташ елді мекеніне су құбыры толық тартылып, Қызылөзен ауылындағы ескі су резервуары жаңасына ауыстырылады. Ақшұқыр ауылындағы «8 құдық» жерасты су көздері қайта жаңғыртылып, қайтадан пайдалануға берілмек. Келесі жылы Таушық ауылында қосымша су скважинасын қазу жоспарда бар.
Инженерлік инфрақұрылымның тағы бір маңызды бағыты – электрмен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұған дейін Ақшұқыр мен Сайын-Шапағатов ауылдары бір ғана подстанцияға тәуелді болып, электр қуатының жиі үзілуі тұрғындар үшін қолайсыздық туғызған. Қазіргі таңда Сайын-Шапағатов ауылы маңында жаңа электр подстанциясы іске қосылып, екі елді мекен дербес желі арқылы электрмен қамтамасыз етіліп отыр.
Сонымен қатар Форт-Шевченко қаласында қуаттылығы 43,6 мегаваттты құрайтын жел электр станциясын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба өңірдің энергия тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Көше жарығы мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табуда. Облыстық бюджет есебінен барлық ауылдарда көше жарығы орнатылып, ал Ақшұқыр ауылында жыл соңына дейін электр кабельдері толық ауыстырылып, жарық жүйесі толық іске қосылмақ.