Жайық өзенінің Каспийге құятын тұсындағы 3 шақырым аумақ қайта қазылады
Биыл Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр жерін қазу жұмыстары жалғасады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қазақпараттың жазуынша, 2024 жылдан бері қазылған 13 шақырымның үш шақырымы былтыр судың лайлануына байланысты бітеліп қалған.
Жалпы бұл жұмыс 2024 жылы өр суын кедергісіз теңізге жіберу мақсатында қолға алынып, тереңдету жұмысы атқарылған. Былтыр жоспар бойынша барлығы 13 шақырым болатын аумақ 3 метрге дейін тереңдетілуі тиіс еді. Ені 20 метр. Бұл жұмыс атқарылған, алайда 3 шақырымды топырақ қайтып басып қалған. Аталған іске жауапты облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, түп тереңдетудің нәтижесінде теңіз тамағында жасанды канал пайда болды.
«Сол кезде Каспий теңізінің деңгейі көтерілгенмен, жалпы жылма жыл теңіз тартылып бара жатыр. Жайық өзенінің каналын соза беруге тура келіп тұр. Түп тереңдету жұмысы арқылы қазылған топырақ бір жағына жиналды. Екі жағына шығарса оны су шайып кету қаупі бар. Сол себепті бір жағына бал соғу арқылы каналды тереңдету жұмыстарын жүргіздік. Оның нәтижесін өткен жылы халық көрді деп ойлаймын. Өйткені, теңізден балық келді, теңізге шығып жатқан арнайы кемелер бар. Соған мүмкіндік жасалды. Былтыр жұмыс теңіз жағынан тоқтады. Оған жылдың соңында ауа райының өзгеріп, қатты толқын мен күннің салқындауы себеп. Өткен жылы судың лайлануына байланысты 3 шақырымы бітеліп қалған еді. Сол жұмысты кері істеп, мердігер мекеме биыл аяқтап береді, — деді Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
2024 жылы мердігерге мекемеге аванс ретінде тек 700 млн теңге төленген. Былтыр мердігерге бір тиын да берілмепті. Жобалық сметалық құжат жылдың соңына дейін созылған. Жалпы жоба құны 2 миллиард теңгеге жуықтайды.