Бибісара Асаубаева әлемнің үздік үш шахматшысының қатарына қосылды
Ақтаулық шахматшы Бибісара Асаубаева блиц шахматтан өткен әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін FIDE рейтингіндегі позициясын жақсартты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Әлем чемпионы атағын үшінші рет иеленген Асаубаева рейтингте бірден бес саты жоғарылап, үшінші орынға жайғасып отыр. Блиц рейтингінде қытайлық Хоу Ифань көшбасшы орнын сақтап қалса, екінші орынға оның отандасы, әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь тұрақтаған.
Үздік бестікті ресейлік шахматшылар Екатерина Лагно мен Александра Горячкина түйіндеді. Сондай-ақ блиц рейтингінің алғашқы ондығына қытайлық Лэй Тинцзе, Тань Чжунъи, Чжу Цзиньэр, нидерландтық Элин Руберс және үндістандық Хампи Конеру енді.
Естеріңізде болса, Бибісара Асаубаева 2021 және 2022 жылдары блиц шахматтан әлем чемпионы атанған болатын. Осылайша, ол әлем біріншілігінде үш дүркін чемпион атанып, қазақстандық шахмат тарихындағы айтулы жетістікке қол жеткізді.