Ақтауда марокколық азаматты еліне қайтару үшін қаражат жинап жатыр
Ақтау қаласының тұрғындары қаржылық қиындыққа тап болған Марокко азаматына көмек көрсетіп жатыр. Шетелдік азамат «Біз адамбыз, біз біргеміз» қайырымдылық қорына жүгінген. 28 жастағы Эл Катири Аусама Марокконың Касабланка қаласынан туристік мақсатта келген. Алайда Ақтауға келген соң қаржысын дұрыс жоспарламауы салдарынан қаражатсыз қалып қойған. Біраз уақыт бойы ол қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісінде түнеген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қайырымдылық қорының өкілдері азаматқа алғашқы қажетті көмекті көрсеткен. Атап айтқанда, оны ыстық тамақпен және жылы киіммен қамтамасыз еткен. Дегенмен, шетелдік азаматты еліне қайтару үшін қажетті әуе билетін сатып алуға қордың мүмкіндігі жеткіліксіз.
Қор жетекшісі Иманғазы Досмұхамбетовтің айтуынша, бұл – кез келген адам басына түсуі мүмкін жағдай. Сондықтан шетелдік азаматтың аман-есен туған еліне, анасының жанына оралуына көмектесуді мақсат етіп отыр.
Айта кетейік, Касабланка қаласына Стамбул арқылы баратын әуе билеті шамамен 500 мың теңгені құрайды. Ал азаматтың Қазақстан аумағында болу мерзімі 15 қаңтарда аяқталады. Осыған байланысты қор өкілдері мен қала тұрғындары жағдайға бейжай қарамай, қолдау көрсетуге шақырып отыр.
Көмек көрсетем деушілер үшін реквизиттер:
Аударым жасауға арналған нөмір: 87474525168 (Алиби).