Білім мен медицина: Түпқараған ауданында қандай өзгеріс бар?
Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады. Аудан басшысы әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырып, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйесіндегі негізгі жетістіктерге тоқталды. Оның айтуынша, есепті кезеңде жоспарланған көрсеткіштер толық орындалып қана қоймай, нақты әрі оң өзгерістерге қол жеткізілген, деп хабарлайды otpannews.kz.
2025 жыл Түпқараған ауданы үшін білім беру саласында шын мәнінде бетбұрысты кезең болды. Көп жылдан бері шешімін таппай келген үш ауысымды оқыту мәселесі түбегейлі жойылды. Ақшұқыр ауылында М. Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназияның 300 орынға арналған қосымша оқу корпусы қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді. Ал Сайын-Шапағатов елді мекенінде «Buzachi Operating » ЖШС-нің демеушілік қолдауымен 1200 орындық жаңа заманауи жалпы білім беретін мектеп өз жұмысын бастады. Бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша Түпқараған ауданының түлектері білім гранттарын иелену саны жағынан бірінші орынға шығып, дайындық деңгейінің жоғары екенін және бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.
Мектепке дейінгі білім беру саласы да қарқынды дамып келеді. Ауданда «Хан» (120 орын) және «Аяулым» (100 орын) атты жаңа жекеменшік балабақшалар ашылды, ал «Бауырсақ» балабақшасы өз мүмкіндігін тағы 10 орынға кеңейтті. Қазіргі таңда 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 100 пайызға жетсе, 2 мен 6 жас аралығында бұл көрсеткіш 96,3 пайызды құрап отыр, – деп атап өтті Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев.
Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай оң өзгерістер бар. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатыр. Қызылөзен және Таушық ауылдарына екі санитарлық автокөлік берілді, ауданға алты жаңа маман – терапевтер, инфекционист және хирург жұмысқа қабылданды. Баутино ауылында дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жүргізілуде, ал Сайын-Шапағатовта жаңа амбулатория салу жобасы әзірленіп жатыр. Ақшұқыр ауылында құны 130 млн теңге болатын «Жоламан» медициналық орталығының инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. 2026 жылға арналған басым бағыттардың қатарында Таушықтағы амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізу және 35,2 млн теңгеге оңалту жабдықтарын сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, аудан әкімі жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелеріне де кеңінен тоқталды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері біз үшін әрдайым басым бағыт болып қала береді. Жыл басынан бері ауданда 1 444 адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 918-і тұрақты, 526-сы уақытша жұмыс орындары. Отандық және шетелдік компанияларға 144 аудан тұрғыны жұмысқа орналасты. Біз кәсіпкерлік бастамаларды белсенді түрде қолдаймыз: «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 100 адам оқудан өтті, 30 жобаға 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз гранттар берілді, бұл әр жобаға 1,5 миллион теңгеден асады. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 1 127 мүгедектігі бар азамат оңалту құралдары мен қызметтерімен қамтамасыз етілді. Атаулы әлеуметтік көмек 100 отбасыға, яғни 519 адамға 62 миллион теңгеден астам сомаға төленді. Бұдан бөлек, 163 балаға азық-түлік және гигиеналық жиынтықтар берілді, – деді Ержан Күмісқалиев.