Вакцинация: Маңғыстауда ЖРВИ, тұмау және қызылшаның алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысында ЖРВИ, тұмау және қызылша инфекцияларының алдын алу, тұрғындарды вакцинациямен қамту және эпидемиологиялық жағдайды бақылау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхтар Сербаев айтты.
Спикердің айтуынша, тұмауға қарсы вакцинация жұмыстары 5 қазаннан басталған. Қазіргі таңда 66 993 адам екпе алған. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 83,7 пайызын құрайды. Сонымен қатар жеке емханалар арқылы ақылы негізде де вакцинация жүргізілуде.
– Тұрғындарды тұмауға қарсы вакцинациямен қамту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Вакцинация – тұмаудың алдын алудың маңызды жолдарының бірі. Сонымен қатар тұрғындарға жабық әрі адам көп жиналатын орындарда бір реттік маска қолдану, қолды жиі жуу, бөлмелерді желдету және жөтелу, түшкіру әдебін сақтау ұсынылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы екпе 1 және 6 жаста салынады. Ол үшін қызылша, қызамық және паротитке қарсы біріктірілген ҚҚП вакцинасы қолданылады.
Қазіргі таңда қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациямен қатар қосымша иммундау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға қосымша вакцина салынып, 18 жасқа дейінгі балалар арасында толықтыра вакцинациялау ұйымдастырылған. Бүгінде қосымша вакцинациямен 12 507 бала қамтылды, – деді Мұхтар Сербаев.
Облыс тұрғындарына балалардың екпе мәртебесін тексеру, вакцинациядан өтпеген жағдайда медициналық ұйымға жүгіну ұсынылады. Аурудың алғашқы белгілері, соның ішінде дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, жөтел және бөртпе байқалған кезде дәрігерге қаралу маңызды.
Өңірде инфекциялық аурулардың алдын алу, вакцинация жұмыстарын жалғастыру және санитариялық-профилактикалық шараларды сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.