Otpan News Logo

Маңғыстауда ЖИ элементтерімен жабдықталған «Media Hub» интерактивті бейнестудиясы ашылды

|
17.11.2026 15:59
Маңғыстауда ЖИ элементтерімен жабдықталған «Media Hub» интерактивті бейнестудиясы ашылды

OTPANNEWS.KZ. - Бүгін, 17 қарашада Маңғыстау облысында Мемлекет басшысының «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект жылын жариялау туралы» Жарлығын іске асыру аясында «Техникалық және кәсіптік білім беру саласында цифрлық трансформация мен жасанды интеллект» тақырыбында облыстық семинар өтіп жатыр, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Іс-шараны облыстық білім басқармасы, оқу-әдістемелік орталығы және Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі ұйымдастырды. Семинардың мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу, озық тәжірибелермен бөлісу және білім беру үдерісіндегі инновациялық шешімдерді дамыту.


Семинар бағдарламасы пленарлық отырыстан, инновациялық жобалар көрмесінен және екі секциялық отырыстан тұрады. Пленарлық жиында «Synapse Campus», «Экипаж X», «ENBEKKE.ZHOL» және «ALEUET.AI» жобалары таныстырылды. Олар жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану, кәсіби бағдар беру, білім алушылардың сабақтан тыс белсенділігін арттыру және цифрлық платформаларды дамыту бағыттарын қамтиды.


Іс-шара аясында колледждің «Ақпараттық қауіпсіздік» құзыреттілік шеберханасы мен жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған «Media Hub» интерактивті бейнестудиясы ашылды. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған шеберхана да жұмысын бастады.


Колледж басшысы Зарипа Шолтанованың айтуынша, жаңа шеберханалар білім алушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.


«Бұл семинар ең алдымен білім алушыларымызға үлкен мүмкіндік береді деп есептейміз. Себебі пленарлық отырыстан кейін үш жаңа шеберхананың ашылуы – біз үшін маңызды жаңалық. Олардың қатарында Маңғыстау өңірінде алғаш рет ашылып отырған жасанды интеллект пен Media Hub бағытындағы бейнестудия, киберқауіпсіздік және ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған шеберханалар бар. Бұл алаңдар колледж студенттері үшін ғана емес, өңірдегі өзге де білім алушыларға тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді деген сенімдеміз. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік шеберханасында облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен мектеп оқушылары арасында сайыс өтіп жатыр. Қатысушылар өз жобаларын әзірлеп, қорғауда. Мұндай бастамалар басқа оқу орындарының да цифрлық бағытта дамуына ықпал етеді деп ойлаймыз», – деді Зарипа Шолтанова.


Жаңа интерактивті бейнестудияның мүмкіндіктері туралы «EdMedia Group» ЖШС директоры Олжас Өмірсерік те айтып өтті. Оның сөзінше, жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған студия педагогтердің білім беру контентін әзірлеуіне және тәжірибесін кең аудиторияға таратуына жол ашады.


«Маңғыстау облысында жаңа интерактивті бейнестудияның ашылуымен құттықтаймыз! Бұл – жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған заманауи, инновациялық студия. Мұнда мұғалімдер өздерінің кәсіби дағдылары мен шығармашылық қабілеттерін пайдаланып, білім беру контентін әзірлей алады. Өз тәжірибесін тек Ақтау қаласында ғана емес, бүкіл Қазақстанға, тіпті шетелдік аудиторияға да ұсынуға мүмкіндік бар. Студияда интерактивті бейнедәрістер, вебинарлар, семинарлар, скринкасттар мен подкасттар жазуға болады. Басты ерекшелігі – жұмыстың автоматтандырылған жүйесінде. Сапалы бейнесабақ түсірілгеннен кейін оны қосымша монтаждаудың қажеті жоқ. Дайын материалды бірден білім беру платформаларына жүктеуге болады», – деді Олжас Өмірсерік.


Оның айтуынша, мұндай студиялар шағын жинақты мектептер үшін де тиімді. Орталық бейнестудияда әзірленген сабақтарды өңірдегі шағын жинақты мектептер мен колледждерге тарату арқылы білікті педагогтердің тәжірибесін кеңінен пайдалануға және сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға болады.


Семинар барысында екі бағыт бойынша секциялық отырыстар ұйымдастырылуда. Бірінші секцияда жасанды интеллект, роботтандырылған технологиялар, ұшқышсыз ұшу аппараттары, интеллектуалды басқару жүйелері мен цифрлық автоматтандыру шешімдері қарастырылуда. Ал екінші секцияда техникалық және кәсіптік білім беруде жасанды интеллектіні қолдану, сабақ жоспарлауды автоматтандыру, виртуалды зертханалар мен интерактивті оқыту платформаларын енгізу тәжірибелері таныстырылуда.


Сонымен қатар семинар аясында «AI Future Arena» киберқауіпсіздік бойынша облыстық сайысы өтуде. Қатысушылар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы білімдері мен практикалық дағдыларын көрсетіп, өз жобаларын қорғады.


Семинардың қорытынды бөлімінде ұсынылған жобалар мен тәжірибелер талқыланып, қатысушылар пікір алмасады. Сондай-ақ «AI Future Arena» облыстық сайысының жеңімпаздары мен қатысушыларын марапаттау рәсімі өтеді.

42
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!