«Кітап оқитын ұлт»: ұстаз бен оқушыны біріктірген марафон
OTPANNEWS.KZ. - Қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны Мұнайлы ауданындағы №6 жалпы білім беретін мектепте де белсенді жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда марафонға мектептің 338 оқырманы марафонға белсенді қатысып жүр.Оның ішінде 101-і педагог, 237-сі оқушы, , деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Білім ордасында бұдан бөлек, «Оян» кітап оқушылар клубы жұмыс істейді. Клуб мүшелері апта сайын бас қосып, түрлі әдеби шығармаларды жетекшілерімен бірге талдайды. Кейіпкерлердің әрекетіне баға беріп, шығарманың мазмұны мен көтерген мәселелерін талқылайды, өзара пікір алмасады. Бұл оқушылардың кітапқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, ойын еркін жеткізуіне, сыни тұрғыдан ойлауына және өз көзқарасын қалыптастыруына ықпал етеді.
Мектеп директоры Жанар Байназарованың айтуынша, марафонның басты ерекшелігі – кітап оқуды жекелеген білім беру ұйымдарының аясынан шығарып, жалпыұлттық қозғалысқа айналдыруында.
- Қазір елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Кітап оқитын ұлт» марафоны жүріп жатыр. Бұған дейін де мектептерімізде оқушыларға көркем әдебиет оқыту, кітапқа баулу және әдеби шығармаларды таныту бағытында түрлі жұмыстар жүргізіліп келді. Алайда бұл марафонның ерекшелігі – оның жалпыұлттық, халықтық сипат алуында. Яғни барша ұлт пен халықты кітап оқуға шақырып отыр. Негізгі мақсат – кітап оқуды науқандық шара емес, күнделікті дағдыға айналдыру арқылы ұлттың санасын биіктету, - деді Жанар Байназарова.
Мектеп директорының өзі де марафонға қатысып, кітап оқу үлгісін көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта қатысушыларға 15 кітап ұсынылған. Жанар Байназарова соның бесеуін оқып, әр шығарма бойынша өз пікірін білдіріп, бейнепікірін де жүктеген. Нәтижесінде жоғары ұпай жинаған.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – бір реттік шарамен шектелмейтін, жүйелі жұмысты қажет ететін үдеріс. Осы тұрғыда республикалық марафон мен мектептегі оқырман клубтарының жұмысы балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, ұстаз бен оқушыны ортақ мақсатқа жұмылдырып отыр.