Otpan News Logo

«Жұмыстың бір буыны ақсаса, ортақ нәтиже де төмендейді»: Маңғыстауда балалардың қауіпсіздігі талқыланды

|
17.11.2026 21:59
«Жұмыстың бір буыны ақсаса, ортақ нәтиже де төмендейді»: Маңғыстауда балалардың қауіпсіздігі талқыланды

OTPANNEWS.KZ. – 17 қарашада Ақтау қаласында облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңестің отырысы өтті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.


Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, облыс прокуроры Серікқали Күшәлиев, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары мен өкілдері, білім беру ұйымдарының жетекшілері, қоғам қайраткерлері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Кеңес отырысына облыс прокуроры Серікқали Күшәлиев төрағалық етті.


Кеңес барысында балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларға қатысты зорлық-зомбылық пен буллингке қарсы күрес, сондай-ақ осы бағыттағы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту мәселелері қаралды.



Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бала қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелі әрі бірлесіп жүргізудің маңыздылығына тоқталды.


– Балалардың мектепте буллингке ұшырауы, кибербуллинг, зорлық-зомбылық және түрлі құқық бұзушылықтар қазіргі қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселелерге үнемі назар аударып келеді. Мұндай жағдайларда жауапкершілікті тек мектепке немесе жекелеген адамдарға артып қоюға болмайды. Ата-ана, мұғалім, құқық қорғау органдары – барлығы бірлесе жұмыс істеуі керек. Мұнда тәрбиенің маңызы ерекше. Жұмыстың бір буыны ақсаса, атқарылған еңбектің нәтижесі де төмендейді. Сондықтан осындай жиындар жиі ұйымдастырылып, қоғамдағы өзекті мәселелер ашық талқыланып, оларды шешудің нақты жолдары қарастырылуы қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Отырыс барысында облыс прокуратурасы басқармасының бастығы Айбек Асылбеков баяндама жасап, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды.


Ал облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Серік Айдаров жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балаларға қатысты қылмыстармен күресу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар ол жасөспірімдер қылмысының негізгі себептеріне тоқталып, профилактикалық шараларды күшейту, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.



Маңғыстау облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Несібелі Қуатова да балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, осы бағыттағы жұмыстарға қатысты пікірлерін ортаға салды.


Кеңес қорытындысы бойынша балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру бағытындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.

6
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!