Otpan News Logo

Ақтауда пластик пен алюминийге арналған 5 фандомат жұмыс істейді

|
18.11.2026 10:50
Ақтауда пластик пен алюминийге арналған 5 фандомат жұмыс істейді

OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров пен Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш жауапты сала басшыларымен бірге «Zero Waste Aktau» ЖШС-нің өндірістік базасына барып, кәсіпорынның техникалық жағдайымен танысты. Кездесу барысында қала аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және шығару қызметімен айналысатын мекеменің жұмысы таныстырылды. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.


Қазіргі таңда кәсіпорынның автопаркінде 25 арнайы техника бар, 132 қызметкер жұмыс істейді. Компания қала аумағындағы 1 237 алаңға 3 200-ден астам қоқыс контейнерін орналастырып, жеке және заңды тұлғаларға күнделікті қоқыс шығару қызметін көрсетеді.


Жұмыс барысында қоқыс тасымалдайтын көліктердің қозғалысын GPS арқылы бақылауға, бекітілген бағыттардың орындалуын қадағалауға және контейнер алаңдарының тазалығын фотоесеп арқылы тексеруге мүмкіндік беретін цифрлық мониторинг жүйесі таныстырылды.


Сондай-ақ контейнерлерді арнайы техникамен жуу және залалсыздандыру жұмыстары, қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымы туралы ақпарат берілді. Қазіргі уақытта Ақтауда пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларды қабылдауға арналған 5 фандомат жұмыс істейді.


Кездесу қорытындысында Бекбол Орынбасаров қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Сонымен қатар компанияның әлеуетін арттыру бағытында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.


Өз кезегінде шаһар басшысы Мақсат Мұқаш қаланың санитарлық тазалығына жауапты, заманауи техникалық базасы қалыптасқан компанияға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.


Айта кетейік, компанияның жаңа техникалары Қазақстанда құрастырылған және «Жасыл даму» ұлттық жобасы аясындағы инвестициялық жоба шеңберінде сатып алынған. Жоба қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!