Туризм, балық және түйе шаруашылығы: Маңғыстау экономикасының жаңа мүмкіндіктері
OTPANNEWS.KZ. – 2030 жылға қарай Маңғыстау облысының жалпы өңірлік өнімін 6,9 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өңір билігі бұл мақсатқа шетелдік инвестиция тарту, туризмді, түйе, балық және аквашаруашылық салаларын дамыту арқылы қол жеткізуді көздейді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті мамандарды даярлауға және шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық берілмек. Бұл туралы Маңғыстау облысының экономика басқармасы мәлімдеді.
Өңір алдындағы басты міндеттердің бірі – мұнай-газ секторына тәуелділікті азайтып, экономиканың орнықты моделін қалыптастыру. Экономика басқармасының мәліметінше, соңғы бес жылда жалпы өңірлік өнім құрылымындағы тау-кен өнеркәсібінің үлесі 42 пайыздан 31,8 пайызға дейін төмендеген. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің, сауда, құрылыс және әлеуметтік салалардың маңызы артып келеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 5,5 трлн теңгені құрады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 6,9 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған. Алдағы кезеңдегі экономикалық өсімнің негізгі бағыттары мұнай-газ өнеркәсібімен қатар көлік-логистика, туризм, аквашаруашылық, сондай-ақ шағын және орта бизнес болмақ.
Экономика басқармасының мәліметінше, шетелдік капитал тарту бюджетке қосымша түсім түсіріп қана қоймай, жергілікті өндірістің дамуына да серпін береді.
«Инвестициялық жобаларды іске асыру барысында жергілікті өндірістегі тауарларға, өнімдер мен құрылыс материалдарына сұраныс қалыптасады. Жұмыстарға отандық мердігер ұйымдар мен өңір тұрғындары тартылады. Кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін тұрақты жұмыс орындары ашылады. Бұдан бөлек инвесторлар заманауи технологияларды енгізуге, халықаралық тәжірибені таратуға және білікті мамандар даярлауға ықпал етеді. Өңірде инвестиция тарту үшін бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Инвесторларға жер учаскелері бөлініп, инженерлік инфрақұрылымға қосылуға жәрдем көрсетіледі. Сондай-ақ «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады», – делінген өңірлік басқарма мәліметінде.
Сонымен қатар «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Fitch Ratings, S&P Global Ratings және Moody’s Investors Service жетекші халықаралық агенттіктерінен кредиттік рейтингтер алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл ұйым қызметінің ашықтығын арттырып, инвесторлар мен қаржы институттарының сенімін нығайтуға және ұзақ мерзімді қаржыландыруды тиімді шарттармен тартуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Туындаған мәселелерді шешуге өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен прокуратура органдары да тартылуда. Бұл инвесторлар мен кәсіпкерлерге консультациялық қолдау көрсетіп, мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
Экономиканы әртараптандырудың перспективалы бағыттарының бірі ретінде туризм аталды. Маңғыстау облысының табиғи және тарихи-мәдени әлеуеті зор. Өңірдегі басты туристік нысандардың қатарында Каспий теңізінің жағалауы, Үстірт, Бозжыра шатқалы, Шерқала тауы, жерасты мешіттері мен тарихи ескерткіштер бар.
Алдағы уақытта экологиялық, этнографиялық, жағажай және тарихи-танымдық туризмді дамыту, туристік бағыттарды кеңейту, жол бойындағы сервисті және орналастыру инфрақұрылымын жетілдіру жоспарланып отыр. Саланың дамуы қонақүй және мейрамхана бизнесіне, көлік, экскурсиялық қызметтер мен өзге де сервистік бағыттарға қосымша серпін беруге тиіс.
Назар аударылатын тағы бір сала – Маңғыстауға тән дәстүрлі түйе шаруашылығы. Өңір билігі асыл тұқымды мал басын көбейтуді, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолдауды, түйе сүтін өңдеуді, шұбат және басқа да сүт өнімдерін өндіруді дамытуды маңызды санайды.
«Бұл дәстүрлі мал шаруашылығын сақтап қалу ғана емес, ауыл тұрғындары үшін табыстың жаңа көздерін қалыптастыруды да көздейді. Жергілікті өнімдерді өңдеу және өңірлік брендтермен нарыққа шығару қосылған құны жоғары тауарлар өндірісін жолға қоюға әрі шалғай елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуі мүмкін», – деп толықтырды басқарма өкілдері.
Балық шаруашылығы мен аквашаруашылыққа да ерекше көңіл бөлінуде. Каспий теңізінің әлеуетін балық өсіру және аулау көлемін арттыруға, өңдеу кәсіпорындарын дамытуға және дайын өнім өндіруге пайдалану жоспарланған. Бұл бағыттағы басым міндеттердің қатарында заманауи технологияларды енгізу, балық өсіру шаруашылықтарының санын көбейту және өткізу нарықтарын кеңейту бар. Мұның бәрі жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға мүмкіндік береді.
Экономика басқармасында әртараптандырудың басты нәтижесі инвестиция көлемі мен өндірістік көрсеткіштердің артуымен ғана өлшенбейтінін атап өтті. Ең маңыздысы – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Жаңа салалардың дамуы еңбек нарығын кеңейтіп, тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, тұрғындардың табысын арттыруға және Маңғыстау облысының бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.