Заң мен тәртіп. Әрбір әуе жолаушысы нені білуі керек?
OTPANNEWS.KZ. - Әуежай – қауіпсіздік шаралары күшейтілген нысан. Мұнда заң талаптарының сақталуына жауапкершілік тек тиісті қызметтердің қызметкерлеріне ғана емес, әрбір жолаушыға да жүктеледі. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі азаматтарды қырағы болуға және әуе сапарына дайындық кезінде күмәнді ұсыныстарға келіспеуге шақырады.
Қаскөйлер жолаушылардың сеніміне кіріп, оларды тыйым салынған заттарды тасымалдауға тартуға тырысуы мүмкін. Осы мақсатта олар белгілі бір сыйақы үшін конвертті, сәлемдемені немесе багажды басқа қалаға не шетелге жеткізіп беруді ұсынады. Алғашында мұндай өтініш зиянсыз болып көрінгенімен, ішіндегі заттардың не екені белгісіз сәлемдеме елеулі құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Ең басты қағида – ішіндегі заттардың не екенін білмейтін жүктер мен сәлемдемелерді тасымалдамау. Мұндай ұсыныстарды тіпті туыстарыңыздың танысы ретінде өзін таныстырған адамдардан немесе ақшалай сыйақы ұсынған тұлғалардан да қабылдамаған жөн. Сондай-ақ жеке заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз және бөгде адамдарға багажыңызға қол жеткізуге мүмкіндік бермеңіз.
Әсіресе халықаралық рейстер кезінде барынша сақ болған жөн. Тауарлар мен құндылықтарды мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізу контрабанда ретінде сараланып, бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қоса алғанда, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Күдікті заттарды байқаған, сәлемдемелерді тасымалдауға қатысты күмәнді ұсыныстар алған немесе өзге де құқық бұзушылық белгілерін анықтаған жағдайда жолаушылар дереу полиция қызметкерлеріне немесе әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметіне хабарласуы қажет.
«Заң мен тәртіп» қағидаты заң талаптарын саналы түрде сақтауды және қоғам қауіпсіздігі үшін әр адамның жеке жауапкершілігін көздейді. Жолаушылардың қырағылығы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтарды қорғауға және әуе тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Заңды сақтау әр адамның жеке таңдауынан басталады. Ішіндегі заты белгісіз бөтен сәлемдемелерді тасымалдамаңыз және қаскөйлердің сізді қылмыстық әрекетке тартуына жол бермеңіз.