Ақтауда «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романы талқыланды
OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда ұлт тарихын ұлықтап, рухани мұрамызды дәріптеу мақсатында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» романына арналған әдеби кездесу өтті.
Кештің негізгі мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, ұлттық әдебиетімізді насихаттау және жас ұрпақтың бойына тарихқа деген құрметті қалыптастыру.
Кездесу Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» тарихи романына арналды. Шығарма аясында тарих пен тағылым сабақтастығы сөз болып, қазақ әдебиетінің көрнекті туындысы талқыланады.
Кеш қонақтары Гүлажар Бақытжанова мен Бақтыбай Жайлау шығармаға қатысты пікірлерін айтып, оқырмандарға рухани әсер сыйлады. Романның көркемдік ерекшеліктерін талдап, тарихи мазмұны мен бүгінгі оқырман үшін маңызын түсіндірді. Сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.
Сонымен қатар іс-шарада әдеби мұра, ел тарихы мен ұлттық құндылықтар туралы ойлар ортаға салынды.
Айта кетейік, аталған іс-шара Маңғыстау облысы бойынша «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өтті.