Маңғыстау облысының әкімі жастармен ашық диалог өткізді
OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. «Өңір басшысы – жастармен бірге» тақырыбында өткен ашық форматтағы кездесуге волонтерлік, кәсіпкерлік, білім, мәдениет, спорт және өзге де салаларда жетістікке жетіп жүрген 200-ге жуық жас қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың өзекті мәселелерін талқылау, бастамалары мен ұсыныстарын тыңдау, сондай-ақ өңір басшылығы мен жас буын арасындағы ашық диалогты нығайту.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы жастар саясатының басым бағыттары сөз болды. Атап айтқанда, жаңа экономиканы дамыту жағдайында сұранысқа ие мамандықтар мен жастарға ашылатын мүмкіндіктер, цифрлық дәуірдегі құзыреттер және кәсіби дамудың жаңа бағыттары талқыланды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы даму бағдарын айқындап берді. Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда жастардың орны ерекше. Өйткені жастар – бүгінгі қоғамның белсенді мүшесі, ел дамуына үлес қосатын негізгі қозғаушы күш. Өңірімізде жастарды сапалы біліммен қамту, еңбек нарығына қажетті мамандықтарға бағыттау, тұрақты жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жұмыстарын одан әрі күшейтуіміз қажет. Маңғыстаудың болашағы – білімді, бәсекеге қабілетті, еңбекқор әрі туған жеріне жанашыр жастардың қолында. Сондықтан жастармен жұмысты жаңа деңгейге көтеріп, олардың әрбір орынды бастамасына нақты қолдау көрсетуіміз қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сонымен қатар өңірдің түрлі саласында табысқа жеткен жастар таныстырылып, Жастар ісі жөніндегі кеңестің қызметі мен құрамы туралы ақпарат берілді.
Ашық диалог барысында жастар облыс әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Нұрдәулет Қилыбай жастардың бастамаларына қолдау көрсетудің, олардың әлеуетін дамытуға жағдай жасаудың және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік берудің маңыздылығын атап өтті.