Қазақстан Каспийді сақтау үшін көрші елдерді бірлескен зерттеуге шақырды
OTPANNEWS.KZ. - Қазақстан Каспий теңізінің экожүйесін сақтау мақсатында оған іргелес бес мемлекеттің ғылыми ынтымақтастығын күшейтуді ұсынды. Бастама Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан COP31 климаттық конференциясы аясында көтерілді.
Әзірбайжан павильонында өткен «Каспий теңізі: қоршаған ортаны қорғау жолындағы ғылым және өңірлік ынтымақтастық» атты халықаралық пікірталаста бірлескен экологиялық мониторинг жүргізу, ғылыми деректермен алмасу және зерттеу жұмыстарын үйлестіру мәселелері талқыланды.
Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Каспий өңіріндегі экологиялық жағдайдың күрделеніп келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, соңғы 25 жылда Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі акваториясы 16 мың шаршы шақырымнан астамға қысқарған.
Теңіз деңгейінің төмендеуімен қатар, климаттың өзгеруі, судың ластануы және биоалуантүрліліктің азаюы да өзекті мәселеге айналып отыр.
Осыған байланысты Қазақстан Каспий маңы мемлекеттерінің ғылыми-зерттеу мекемелері арасындағы байланысты нығайтып, ортақ мониторинг жүйесін дамытуды маңызды санайды.
Сондай-ақ вице-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының жұмысын атап өтті. Аталған мекеме теңіз экожүйесін кешенді зерттеп, оны сақтау шараларын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған.
Кездесуде Тегеран конвенциясы аясындағы өңірлік ынтымақтастық, теңізді ластанудан қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және экожүйелерді қалпына келтіру мәселелері де қаралды.
Қазақстан Каспийдің бірегей табиғи ортасын сақтау үшін көрші мемлекеттермен бірлескен зерттеулер мен нақты табиғат қорғау шараларын жалғастыруға дайын екенін білдірді.