Маңғыстауда құрылыс саласының ардагері Ұзақбай Әділов өмірден өтті
Маңғыстау өңірінің мұнай-газ және құрылыс саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардақты азамат, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Ұзақбай Әділов өмірден өтті.
Ұзақбай Хайруллаұлы 1937 жылы 12 шілдеде Атырау облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1960 жылы «Казахстаннефтестрой» мекемесінде шебер және прораб болып бастаған. 1962–1965 жылдары Гурьев қалалық атқару комитетінің құрылыс бөлімінде бас инженер қызметін атқарды.
1965 жылдан 2005 жылға дейін «Казахстаннефтегеофизика», «Гурьевсельстрой», «ЭмбАнефть» мекемелерінде, сондай-ақ «Мангышлакнефтегазстрой», «СФИНКС», «Қаражанбасмұнай», «Нефтемашсервис» кәсіпорындарында басшылық қызметтерде еңбек етті. Саналы ғұмырын құрылыс саласына арнаған азамат Маңғыстаудың өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымының қалыптасуына зор еңбек сіңірді.
Ұзақбай Хайруллаұлының тікелей басшылығымен Жаңаөзен қаласының, Жетібай мен Қаламқас кен орындарының бірқатар маңызды нысандары бой көтерді. Теңіз кен орнындағы алғашқы ұңғының құрылыс жұмыстарына, Өзен мұнай-газ өндірістік нысандарының, Қаражанбас кен орны инфрақұрылымының қалыптасуына атсалысты. Сондай-ақ жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер, компрессор станциясы мен жер астына бу айдайтын 14 блоктан тұратын кешеннің құрылысына жетекшілік етті.
Қазақстан Мұнай министрлігінің тапсырмасымен Йемен Республикасында да еңбек етіп, халықаралық деңгейдегі құрылыс жұмыстарына үлес қосты. Көп жылғы қажырлы еңбегі мен кәсіби біліктілігі еленіп, «Құрмет» орденімен, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталды. Сондай-ақ Маңғыстау облысының 40 жылдығына арналған төсбелгіге ие болды.
Ұзақбай Хайруллаұлының өмір жолы – өңірдің өркендеуіне арналған адал еңбектің, кәсібіне деген жауапкершілік пен табандылықтың үлгісі. Ол артында ел игілігіне қызмет ететін іргелі нысандар мен өнегелі еңбек жолын қалдырды.
Марқұмның қайтыс болуына байланысты отбасына, туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен барша Маңғыстау жұртшылығына қайғыра көңіл айтамыз.
Маңғыстау облысы әкімдігі
Маңғыстау облысының қоғамдық кеңесі
Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесі.