Ақтауда миында ісігі бар үш науқасқа күрделі операция жасалды
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында миында көлемді патологиялық түзілістері бар үш науқасқа күрделі нейрохирургиялық операция жасалды. Отаға Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігері Айдос Молдабеков қатысты.
Операциялар жоғары технологиялық медициналық көмекті өңірде дамытуға және жергілікті мамандардың тәжірибесін арттыруға арналған шеберлік сағаты аясында өтті.
Аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Думан Мырзабековтің айтуынша, үш науқастың да миында хирургиялық араласуды қажет ететін күрделі түзілістер болған. Олардың орналасуы мен көлемі операция кезінде ерекше дәлдікті талап еткен.
1996 жылы туған науқастың миының бірнеше бөлігінде түзілістер болған. 2022 жылы алғашқы операция жасалса, биыл наурызда екінші түзіліс алынып тасталған. Бұл жолы дәрігерлер үшінші түзілісті хирургиялық жолмен алып шықты.
Екінші науқастың оң жақ самай бөлігінде қатерлі ісік анықталған. Мамыр айында жасалған операциядан кейін ісік қайта өскен. Осыған байланысты дәрігерлер мидың зақымданған самай бөлігін алып тастауға шешім қабылдаған. Операция кезінде ісік тіндері толық алынған.
Ал үшінші науқасқа мидың терең құрылымдарында орналасқан қатерлі ісікті алып тастау операциясы жасалды. Мұндай араласу аса жоғары дәлдікті қажет етеді. Өйткені мидың бұл бөлігінде адамның өмірлік маңызды қызметтеріне жауап беретін жүйке құрылымдары мен қан тамырлары орналасқан.
«Ми ісіктеріне жасалатын операциялардың басты күрделілігі – патологиялық түзілісті мүмкіндігінше толық алып тастай отырып, мидың сау тіндері мен маңызды жүйке құрылымдарын сақтау. Өйткені мидың әр бөлігі адамның қозғалысына, сөйлеуіне, көруіне, есте сақтауына және басқа да қызметтеріне жауап береді. Сондықтан мұндай операциялар мұқият жоспарлауды және жоғары хирургиялық дәлдікті талап етеді», – дейді нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Думан Мырзабеков.
Мамандар ми ісіктерінің пайда болу себептері әртүрлі екенін айтады. Олардың қатарында ми тіндері мен қабықтарынан дамитын қатерсіз және қатерлі ісіктер, басқа ағзалардағы қатерлі ісіктердің миға таралуы, кисталар және өзге де патологиялық өзгерістер бар.
Аурудың белгілері ісіктің көлемі мен орналасуына байланысты. Науқастардың басы ауырып, жүрегі айнуы, көру қабілеті нашарлауы, аяқ-қолы әлсіреуі, тепе-теңдігі бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ есте сақтау мен сөйлеу қабілетінің өзгеруі, құрысу ұстамалары байқалады.
Дәрігерлер мұндай белгілердің болуы міндетті түрде ми ісігін білдірмейтінін, алайда олар қайталанса немесе күшейсе, медициналық тексеруден өту маңызды екенін ескертеді. Диагнозды нақтылау үшін магниттік-резонанстық томография (МРТ) және басқа да зерттеулер жүргізіледі. Ісіктің нақты түрі қажет болған жағдайда алынған тінге гистологиялық зерттеу жасау арқылы анықталады.
Ауруханада өткен шеберлік сағаты барысында республикалық орталықтың маманы жергілікті нейрохирургтермен тәжірибе алмасты. Алдағы уақытта жоғары технологиялық нейрохирургиялық операцияларды Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында тұрақты жүргізу жоспарланып отыр. Бұл өңір тұрғындарының күрделі операцияларды өз облысында алу мүмкіндігін кеңейтіп, республикалық медициналық орталықтарға бару қажеттілігін азайтуға ықпал етпек.