Ақтауда этномедиация бағытындағы жұмыс нәтижелері талқыланды
Ақтау қаласында «Этномедиация бағыты бойынша жасалған жұмыстар» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының және ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, этномедиаторлар мен жастар қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Басқосуда этномедиация саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен тәжірибелер талқыланды. Қатысушылар өңірдегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтудың маңызына тоқталып, бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау бағытында ой бөлісті.
Жиында өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай елдегі бірлік пен келісімнің маңыздылығына тоқталды.
Ассамблея – кеңесші орган ғана емес, түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, достық пен келісімнің нақты институтына айналған бірегей құрылым. Әрбір мүшесі – бейбітшілік пен татулықтың елшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біздің байлығымыз – бірлікте» деген сөзі қоғамдағы ауызбіршіліктің мәнін айқындайды. Осы ұстанымды негізге ала отырып, біз өңірімізде келісім мен татулықты одан әрі нығайту жолында еңбек етуіміз қажет, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ кездесуде облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбділов Оңайбек, «Вайнах» Шешен-Ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Чучаев Магомедсала, ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Джайлханова Амангүл және республикалық Армян этномәдени бірлестігі және Аналар кеңесінің мүшесі Мурадян Татьяна баяндама жасап, ассамблеяның бірлігі, өңірдегі этномедиация институтының жұмысы туралы ақпарат берді.
Қазақстан халкы Асамблеясының ұйымдастыруымен облыс әкімі Н. Қилыбайдың және ҚХА мүшелерінің қатысуымен өткен шарада этномедиация бағытындағы атқарылып жатырған жұмыстардың есебін бердік. Біз қазан айында көршілес Әзірбайжан Республикасына барып, этномедиация жөнінде тәжірибе алмастық. Әзірбайжан тарапы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарының бірі болып саналатын этномедиация институтының қызметіне зор қызығушылық танытты. Соның ішінде Маңғыстау облысының атқарып жатқан жұмысы жоғары бағаланды, - деді Аналар кеңесінің төрағасы Амангүл Джайлханова.
Шара соңында қатысушылар этносаралық келісімді дамыту мен қоғамдағы бірлік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған бірқатар ұсыныс айтты.