Маңғыстау облысына Украина елшісі келді
Қазақстандағы Украина елшісі Виктор Майко Маңғыстау облысына келді. Ол Ақтаудағы украин қауымымен танысып, Тарас Григорович Шевченко ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, елші Түпқараған ауданындағы Т.Г. Шевченко музейін аралап, өңір басшылығымен және әртүрлі компаниялардың өкілдерімен кездеседі деп хабарлайды otpannews.kz.
Қазақстандағы Украина елшісі Ақтауда тұратын украин диаспорасымен кездесті. Олар этномәдени бірлестік қызметін, өткізілген шараларды және жоспарларды талқылады. Виктор Майко Маңғыстау – инфрақұрылымы, көлік және логистикасы дамыған, мұнай өндірісі бар аймақ екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл жерде Тарас Григорович Шевченко өмірінің 10 жылын өткізген. Сондықтан бұл өңір украиндер үшін ерекше.
«Бұл Қазақстан үшін де, қазақстандықтар үшін де қасиетті жер, өйткені мұнда 362 әулие жерленген. Ал украиндер үшін бұл жер қасиетті, себебі біздің дана, жазушы, философ, шығармашылық ой мен поэзияның алыбы, құқық қорғаушы және еркіндік символы – Тарас Григорович Шевченко өмірінің маңызды бөлігін осы жерде өткізді. Сондықтан Ақтауға, Маңғыстау облысына сапар мен үшін жай ғана жол сапары емес. Бүгін облыс басшылығымен, Ақтау және Құрық порттарының басшыларымен, өңірдегі жетекші компаниялардың өкілдерімен кездесу болады. Украина мен Қазақстан қай бағыттарда өзара ынтымақтастық таба алатынын көру маңызды. Өйткені Маңғыстау облысы үшін маңызды көлік, логистика, порттар, минералдық ресурстар, ауыл шаруашылығы, мұнай өнеркәсібі, IT-технологиялар бойынша Украина өз жетістіктері мен тәжірибесін, жаңалықтары мен әзірлемелерін ұсына алады, бұл Қазақстан үшін қызықты болмақ», – деді Виктор Майко.
Белгілі бір себептерге байланысты екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар айтарлықтай әлсіреді, тауар айналымы шамамен 10 есе азайған. Дегенмен, украин және қазақстандық кәсіпкерлердің пайда табуға деген ынтасы әлі де бар.
«Украина серіктес, көмекші, одақтас және үлескер бола алады. Украин бизнесі мұнда білімін, сараптамасын, технологияларын, инвестициясын, жабдықтарын және достығын әкелуге дайын. Біз әрдайым достық қарым-қатынас орнатып, ортақ тіл таптық. Қазақстандағы ең ірі этностардың бірі – украиндер. Себебі украин диаспорасы мұнда ғасырлар бойы қалыптасқан», – деді дипломат.
Дипломаттың айтуынша, Қазақстанға көшіп келгендер мұндай қонақжай және достық пен қауіпсіздікті сезінеді. Виктор Майко Қазақстандағы дипломатиялық миссиясын жақында бастағанымен, бұған дейін бірнеше рет елге келген. Мысалы, 1990-жылдардың соңында Атырауға – сол кездегі Гурьевке барған. Делегация құрамында ол украин ТЭЦ-теріне мазут жеткізу мәселелерін талқылау үшін келген.
«Біз ортақ тіл табамыз деп үміттендік, және осы бірнеше күнде достық қатынас орнаттық. Сол қонақжайлық пен достықты 90-жылдардан бастап сезгенмін. Енді бұл ел мен үшін екінші үйім, негізгі қызметім», – деді Виктор Майко.
Украин делегациясы Ақтаудағы Тарас Шевченко ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бірнеше халық әнін орындады.