Маңғыстауда жыл басынан бері 444 адамға инватакси қызметі көрсетілді
Маңғыстау облысында мүгедектігі бар адамдарға арналған инватакси қызметін көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аталған қызмет жыл басынан бері 444 адамға көрсетілді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Аида Қуаныш айтты.
Спикердің айтуынша, инватакси қызметі жұмыс және оқу орындарына, мемлекеттік органдарға, медициналық мекемелерге, әуежайлар мен вокзалдарға, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қызмет көрсету нысандарына баруға мүмкіндік береді.
-Қала және аудан деңгейінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 18 инватакси автокөлігі қызмет көрсетуде. Қызметтің үздіксіз болуын қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық мекемелер арқылы 8 арнайы инватакси автокөлігі жұмыс істейді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алулар аяқталғаннан кейін Бейнеу, Қарақия және Мұнайлы ауданында қосымша 13 автокөлік (оның ішінде үш арнайы жабдықталған) іске қосу жоспарлануда. Жыл басынан бері 13 945 тапсырыс орындалып, 444 адамға қызмет көрсетілді. Инватакси қызметі медициналық көрсетілімдерге сәйкес мүгедектігі бар азаматтарға және балаларға ұсынылады, - деді Аида Қуаныш.
Брифинг барысында спикер инватакси қызметін көрсетушілерге қойылатын негізгі талаптарға тоқталды.
-Қызметті алу үшін өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, 026/у нысанындағы медициналық қорытынды, мүгедектік туралы анықтама қажет. Инватакси қызметін көрсетушілерге қойылатын негізгі талаптар бар. Атап айтқанда, 2016 жылдан төмен емес жылдардан бері шығарылған автокөліктің болуы, олардың ішінде арнайы жабдықталған көліктің болуы, жүргізушілердің тәжірибесі мен арнайы даярлығы, сондай-ақ диспетчерлік қызмет пен цифрлық инфрақұрылымның болуы қажет, - деді Аида Қуаныш.
137
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев