Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы тұрғындарымен бірге Наурызды тойлады
Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңір тұрғындарын құттықтап, мерекені Мұнайлы ауданында халықпен бірге атап өтті. Сондай-ақ өңір басшысы №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, қызмет алушыларды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды otpannews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Құрметті жерлестер, ардақты ағайын! Бұған дейін Наурыз мейрамын теңіз жағалауында бірге қарсы алып келсек, биыл ауылдағы ағайынмен бірге атап өтуді жөн көрдік. Өскен, өнген жерімізде қауышып, бір-бірімізбен көрісіп, ақжарма тілектер айту – Наурыздың басты мәні деп білемін. Өздеріңіз білесіздер, әлемде өкінішке қарай жағдай тұрақты емес. Осындай уақытта елімізде бейбіт өмір сүріп, мерекені бірге атап өтіп жатқанымызға шүкір дейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Мемлекет басшысы атап өткендей, Наурыз – тазару мен жаңарудың бастауы. Бұл – ең алдымен ой мен сана, ниеттің тазалығы. Сондықтан қоғамда тазалық, ұқыптылық, жауапкершілік секілді құндылықтарды қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Өткен кезеңдерде салт-дәстүріміздің бірқатары кенже қалып, Наурызды кеңінен тойлау тек тәуелсіздік жылдарында қайта жаңғырды. Бүгінде осындай ұлық мерекеде ел болып бір-бірімізге ақ тілек арнап жүргеніміз – үлкен бақыт. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Өңіріміз өркендеп, берекесі арта берсін! – деді облыс әкімі.
Мұнайлы ауданында өткен «Жаңару мен жақсылықтың жаршысы – Наурыз!» атты мерекелік шараға шамамен 8 мыңға жуық көрермен қатысып, ұлттық нақышта безендірілген алаңда 11 киіз үй тігілді.
Мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылыммен басталып, шара аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда жергілікті кәсіпкерлер кондитерлік өнімдер, бал және ара шаруашылығы өнімдері, кептірілген жемістер, ет өнімдері, сабыннан жасалған гүлдер мен түрлі қолөнер бұйымдарын ұсынды. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтіп, қазақ күресі, асық ату, ләңгі тебу, қол күрес секілді ойындардан турнирлер ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарламада аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдар концерт қойып, ұлттық әндер мен билер орындалды. Бұдан бөлек «Ұлттық киім – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі» атты аудандық әжелер байқауы өтіп, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық киім үлгілері кеңінен насихатталды.
Сонымен қатар облыс әкімі мереке аясында №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы барып, қызмет алушыларды Наурыз мейрамымен құттықтады. Іс-шара барысында қызмет алушыларға Наурыз көже ұсынылып, олар орталықта ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалады. Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай қарттарға зор денсаулық пен амандық тіледі және мерекені бірлікте тойлап жатқанымыздың үлкен бақыт екенін атап өтті.
Бүгінде №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ерекше күтімді қажет ететін 100-ден астам қартқа әлеуметтік, медициналық және тұрмыстық қызметтер кешенді түрде көрсетіледі.
Айта кетейік, биыл Маңғыстау облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтуде. Ақтау қаласының теңіз жағалауында ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар ұлттық дәстүр мен заманауи форматты үйлестіріп, тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлауда. Мереке аясында жағалауда 30 киіз үй тігіліп, этноауыл, қолөнершілер жәрмеңкесі мен ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Digital Nauryz» жобасы ұсынылып, заманауи цифрлық мүмкіндіктер таныстырылды. Амфитеатр сахнасында театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар өтіп, белгілі өнерпаздар өнер көрсетті.