Ақтауда Наурыз мерекесінде ұлттық спорт ұлықталды
Ақтауда теңіз жағасында Ұлыстың ұлы күні - әз Наурыз мерекесіне орай ұлттық спорт түрлері, оның ішінде қазақ күресі, ләңгі тебу, арқан тартыс және қол күресі бойынша жарыс ұйымдастырылды. Спорттық іс-шараға Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларынан және Маңғыстау облысынан спортшылар қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қазақ күресінен өткен белдесу ерекше тартысты өтті. 74 келіге дейінгі салмақта Ақтөбе қаласынан келген Сәндібек Теңелбаев бірінші орынды иеленді, екінші орынға Мәди Саулебай тұрақтаса, үшінші орынды Жақсылық Ибадулла еншіледі.
Ал +90 келі салмақта маңғыстаулық балуан үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды Иманғали Оралбаев жеңіп алды, екінші орын Наурызбай Бисенбекке бұйырды, үшінші орынды Жарас Медешов иеленді.
- Ұлттық ойындар – халқымыздың рухани мұрасы. Наурыз мейрамы аясында осындай жарыстарды өткізу арқылы біз жас буынды спортқа баулып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптейміз. Бұл іс-шаралар салауатты өмір салтын қалыптастыруға да үлкен үлес қосады, - деді Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Жомарт Қобланов.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хат, медаль және арнайы сыйлық табысталды.