Ақтауда Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара өтті
Бүгін Ақтауда Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз мейрамына арналған «Наурыз – жаңару мен бірлік жаршысы» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік кеште домбырашылар ансамбльдері қазақтың төл өнерін кеңінен насихаттап, «Адай», «Ертұран», «Алаш күйі» секілді күйлерді жоғары деңгейде орындады. Сонымен қатар қала өнерпаздары мен би ұжымдары көрерменге әсем әндер мен көркем хореографиялық қойылымдар ұсынып, ұлттық мәдениеттің бай мұрасын дәріптеді.
– Наурыз – халқымыздың берекесі мен бірлігін айшықтайтын ерекше мереке. Осындай игі шаралар ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жас ұрпақтың рухани дамуына оң ықпал етеді. Баршаңызды жаңа жылдың басталуымен құттықтаймын! – деді Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, әнші Асанәлі Көшеров
Мерекелік шара барысында ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар да назардан тыс қалмады. Жақында өткен республикалық референдум аясында маңғыстаулық жастардың белсенділігі ерекше аталды. Кеш барысында өңір жастарының атынан сөз сөйлеген Бекзат Қадірбаев конституциялық өзгерістердің маңыздылығына тоқталып, жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Бүгінгі Наурыз мерекесі – татулық пен жаңарудың символы. Ел болашағы жастардың қолында, сондықтан біз әрдайым ел дамуына өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Баршаңызға амандық, бірлік пен бақ-береке тілеймін! – деді белсенді жас.