Қарттар Наурыз тойын тойлады
Ақтаудағы №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында Амал тойланып, қызмет алушылар көңіл көтерді. Сондай-ақ мекеме қызметкерлері “Құрмет” грамоталарымен марапатталып, ұлттық дәстүрлер сахналанды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Наурыз мейрамын тойлау барысында ұлттық киімдер дефилесі өтті. Келіндер сәлем етіп, арулар сән көрсетті. Ұлттық дәстүрлер сахналанып, құда түсу, қыз ұзату, үйлену мен құдалық тойы тойланды.
Мұнда қызмет алушы қарттар мен І, ІІ топ мүгедектері өмір сүреді. Орталық басшысының айтуынша, бұл жердің тұрғындары өте белсенді. Жастарының үлкендігі мен денсаулықтарындағы кінәратқа қарамастан, әр мерекені асыға күтіп, концерт ұйымдастырғанды жақсы көреді.
“Бұл орталықта 107 адам бар. Оның 18-і паллиативтік бөлімде. №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тұрғындарға барлық көмек түрі көрсетіледі. Психологиялық қолдау жасалып, құқықтық, әлеуметтік, медициналық қызметтер ұсынылады. Бірақ біз адамдарлың жеке өміріне араласпаймыз. Мұнда өмір сүретін жандар қоғамда белсенді. Олар орталықта тігін тігіп, қолөнермен айналысады. Жасалған бұйымдары көрмеге ұсынылып, сатылымға шығады”,- деді орталық басшысы Ысқақ Құлатай.