Otpan News Logo

Маңғыстаудың тарихи орындарын насихаттап жүрген Бағдат Бесмағамбетов 800-ге жуық бейнематериал түсірді

|
18.03.2026 18:40
Маңғыстаудың тарихи орындарын насихаттап жүрген Бағдат Бесмағамбетов 800-ге жуық бейнематериал түсірді

Соңғы кездері Маңғыстау өңірінің таңғажайып ландшафы мен тарихы терең бірегей жерлерін әлеуметтік желілер арқылы таныстырып жүрген контент жасаушылардың қатары артып келеді. Солардың бірі - өңірдің ерекше орындарын әлеуметтік желі арқылы кеңінен насихаттап жүрген Бағдат Бесмағамбетов. Otpannews.kz сайтының тілшісі аймақтағы тарихи-мәдени орындарды таныстырып жүрген автормен сөйлесіп көрді. 


Бүгінде 20 мыңға жуық оқырманы бар Бағдат маңғаз Маңғыстаудың тарихи орындарын бейнетаспаға түсіруді 2012 жылы қолға алды. Қазіргі кезде 800-ге жуық контент дайындаған ол Маңғыстаудың тарихын білуге деген құштарлық бала кезден басталғанын айтады. 


- Ең алғаш маңғаз өлкенің тарихын білуге деген қызығушылығымды әкем ашты. Әкемнің арқасында абыздар мен әулиелердің отаны болған мекенді аралап өстім, өсиеттерін тыңдап өстім. Аймақтың ойлы-қырлы жерлерін көріп қана қоймай, жыр-термелерді тыңдадым. Онда айтылған жер атаулары қызығушылығымды оятып, әрі қарай ізденуге шабыт берді, - дейді Бағдат Ержанұлы. 



Бір кездері қызығушылықтан басталған жұмыс кәсіби бағыт алды. Бағдат қазір тұрақты түрде тарихи мұрасы терең өлкені, ұлан-ғайыр даланы, аймақтың әр тасы мен шатқалын аралап, көрікті орынды, тарихи ескерткішті видеоға түсіреді. 


- Жергілікті халыққа және туристерге киелі өлкенің біраз жерін әлеуметтік желі арқылы танытып бастағандардың бірі – менмін. «Көзің барда Маңғыстауды көріп қал» деп Әбіш Кекілбайұлы атамыз айтқандай, қасиетті өлкені әр қазақ көруі керек деп ойлаймын, - дейді ол. 


Бағдаттың айтуынша, контент түсіру тек саяхаттау емес, бұл - ізденіс пен тәжірибе. Ол тарихи орындар туралы мәліметті үлкендерден, көпті көрген азаматтардан және өзінің ізденісі арқылы жинақтайтынын айтты.


- Көпшілікке таныс емес ерекше орындарды тау-тасты аралап жүргенде анықтап жатамыз. Әкемнен кейін жол көрсеткен ағаларым бар. Ақылбек Тасқара, Елдос Еміл, Нұрлан Құлбай ағаларымды үлгі тұтып, ұстаз қылам десемде артық айтпаспын, - дейді саяхатшы.  


Бағдат түсірілімді арнайы техникамен емес, қолындағы қарапайым ұялы телефонға түсіреді. Бейнетаспаға жазу барысында айтарлықтай қатаң қағида жоқ дейді. 


- Мен видеоны өзімнің ұялы телефоныммен түсіремін. Видео түсіру кезінде қатып қалған қағида жоқ, бірақ жануарларды түсіргенде үркітпеуге, зиян тигізбеуге, ал жер асты мешіттерінде тұрған дүниелерге қол тигізбеуге тырысамын. Жалпы әр адам саяхаттап барған жерін, демалған орнын ластамай, таза ұстаса нұр үстіне нұр болар еді, - деп қосты ол. 



Бағдат Ержанұлы өңірде саяхат барысында ерекше әсер қалдырған орындар көп болғанын, дегенмен әлі де адамдар біле бермейтін жерлер бар екенін айтады. 


- Менің әлеуметтік желідегі контенттеріме оқырмандардан «Маңғыстауды сіз арқылы танып жатырмыз», «Тағы да осындай ерекше жерлерді көрсетіңізші», «Саяхатшы Бағдат» деген оң пікірлер жиі жазылады. Оқырмандар да өздерінің тың деректерін бөліседі. Мұндай контент өңірімізді танытуға, туристердің көп келуіне көмектеседі деп сенемін. Мен Маңғыстауды «аспан астындағы мұражай» деп бағалаймын. Алдағы уақытта киелі өлкедегі көп адам біле бермейтін орындарды таныстыруды жалғастырамын, - деді ол. 


Былтыр «Үздік Маңғыстау танушы» атанған ол тарих пен табиғатты таныстырып қана қоймай, өңірдің оң имиджіне елеулі үлес қосып келеді. 


Айта кетейік, Бағдат Бесмағамбетов Жаңаөзен қаласы Қызылсай ауылындағы С.Бегендікұлы атындағы №4 мектепті, қаладағы политехникалық колледжді аяқтады. Бүгінде ол жастардың арасында экологиялық сауаттылықты қалыптастыру үшін сенбілік те өткізіп тұрады.

129
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!