Наурыз думан: Шетпеде тұрғындарға пәтер кілті мен мекемелерге көлік берілді
Шетпе ауылында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кеңінен тойланып, тұрғындар мен қонақтар мейрамды ерекше көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Мәдениет алаңында өткен іс-шараға ауыл тұрғындары ұлттық киіммен шеру жасап келді. Алаңда ұлттық салт-дәстүр насихатталды, көпшілік концерттік бағдарламаны тамашалады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Салтанатты шарада аудан әкімі Ғалымжан Ниязов пен ауылдардар келген ақсақалдар жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
— Құрметті ағайын! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің мерекесі. Әр шаңыраққа құт-береке, молшылық, амандық тілеймін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Әр күніміз Наурыздай шуақты, ырысты болғай! — деді аудан әкімі.
Іс-шарада қазақ халқының салт-дәстүрі дәріптеліп, сахналық қойылымдар арқылы Наурыз мерекесінің мәні мен маңызы кеңінен насихатталды. Сахна төрінде өнерпаздар ән айтып, би билеп, көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ал спортшылар ұлттық ойындардан сынға түсіп, бағын сынады.
Мереке аясында игі істер де назардан тыс қалмады. Ауыл тұрғындары мен жастар бірлесіп ағаш отырғызып, табиғатты қорғауға үлес қосты. Сондай-ақ, әлеуметтік қолдау аясында 12 отбасыға жаңа тұрғын үйдің және ауданға келген мамандарға қызметтік пәтердің кілті табысталып, көпшілік қуанышты сәтке куә болды.
Сондай-ақ, «Таза Маңғыстау» мекемесіне 4 арнайы көліктің, «Дария» коммуналдық мекемесіне 2 арнайы техниканың кілті берілді.
Ұлттық құндылықтар ұлықталған, береке мен бірлікті нығайтқан іс-шараның соңы мерекелік дастарханға ұласты. Аудан тұрғындары наурыз көже, бауырсақ, құрт пен балқаймақтан дәм татып тарқасты.