«Каспий – менің теңізім»: Ақтауда өткен экологиялық сенбілік қайырымдылық шарасына ұласты
Ақтауда экобелсенділер Наурызнама онкүндігі аясында «Каспий – менің теңізім» экологиялық сенбілігін ұйымдастырды. Шара барысында 4-шағынаудан маңындағы Каспий теңізі жағалауы тазартылып, табиғатты қорғау мақсатында бірқатар жұмыс жүргізілген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Сенбілікке Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің 70-тен астам эко-еріктілері, аула клубтарының белсенді жастары, «Эколидер» жетекшісі Бақытгүл Өмірханқызы, тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов және экобелсенді Данияр Әкімжанов қатысқан.
Акцияға қатысушылар теңіз жағалауындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосты. Екі сағаттан астам уақытқа созылған сенбілік барысында шамамен 20 қап қоқыс жиналған. Жиналған қоқыстың басым бөлігі – полиэтилен пакеттер, пластик бөтелкелер мен түрлі тұрмыстық қалдықтар.
Сонымен қатар еріктілер жағалаудағы аққуларға қандай тағам беруге болмайтыны жөнінде ақпараттық тақтайшалар орнатып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар құстарға арнайы жем беріліп, табиғатты қорғау мәдениетін насихаттады.
Сенбілік жұмыстары қайырымдылық шарасына ұласты. Балық қорғау инспекциясымен бірлесіп ұйымдастырылған бұл игі бастама аясында әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын 10 отбасыға азық-түлік пен 10 келіден балық таратылды.
Наурыз айы мейірім мен игі істердің айы. Ай Алғыс айту күнінен басталып, Амал мерекесімен жалғасып, ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі – референдуммен ерекшеленіп отыр. Табиғатты қорғау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Каспий – біздің ортақ байлығымыз, - дейді экобелсенді, «Qazaq balyk» Республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Данияр Әкімжанов.