Мемлекеттік қызметтің беделі – заңдылық пен адалдықтың көрінісі
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыратын, мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыруға және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған уәкілетті орган болып табылады. Агенттік пен оның аумақтық департаменттері мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау, сондай-ақ қызметтік әдеп талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізеді. Бұл ретте, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, мемлекеттік органдардың қызметіне деген қоғамдық сенімді нығайту және заң бұзушылықтардың алдын алу негізгі міндеттердің қатарында.
Мемлекеттік қызмет – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты қамтамасыз ететін, елдің тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатына тікелей ықпал ететін маңызды институт. Мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен беделі, ең алдымен, оны жүзеге асыратын қызметшілердің кәсіби біліктілігіне, жауапкершілігіне, адалдығына және қызметтік әдепті сақтауына байланысты.
Мемлекеттік қызметші – мемлекет атынан қызмет атқаратын тұлға. Сондықтан оның әрбір әрекеті мен шешімі, қоғамдық ортадағы мінез-құлқы мемлекеттік қызметтің абыройы мен халықтың мемлекеттік органдарға деген сеніміне әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімі мен тәжірибесі ғана емес, оның адамгершілік қасиеттері мен мінсіз беделі де ерекше маңызға ие.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңы мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдептілігі мен мінсіз беделіне қойылатын талаптарды күшейтті. Заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметші қызметтік әдеп нормаларын сақтауға, өзінің мінсіз беделін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол бермеуге міндетті.
Қызметтік әдеп – мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысында басшылыққа алатын негізгі ұстанымдарының бірі. Ол азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық таныту, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу, әділ әрі ашық болу, сондай-ақ өз міндеттерін адал орындау арқылы көрініс табады. Мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы жауапкершілігі оның жеке тұлғалық қасиеттерімен ғана шектелмейді. Әрбір қызметшінің мінез-құлқы мемлекеттік аппараттың кәсіби бейнесін қалыптастырып, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын маңызды талаптардың бірі – заңнамада белгіленген шектеулер мен міндеттерді сақтау. Бұл ретте құмар ойындар мен бәс тігуге қатысты талаптардың да маңызы зор. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 14-бабы 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметші лауазымға кіріскен күннен бастап 30 күн ішінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын заңда белгіленген тәртіппен өз бетінше шектеуге міндетті.
Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда мемлекеттік қызметшілер үшін құмар ойындарға, бәс тігуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған бірқатар шектеулер көзделген. Аталған талаптарды қабылдамау немесе сақтамау заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға не қызметтен босатуға негіз болуы мүмкін.
Бұл шектеулер мемлекеттік қызметшінің жеке тәртібін реттеумен қатар, оның кәсіби жауапкершілігін арттыруға, мемлекеттік қызметтің беделін қорғауға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Мемлекеттік қызмет жүйесінде қызметшілерге қойылатын талаптарды сақтау ғана емес, олардың еңбек және қызметтік құқықтарын қорғау да маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осы мақсатта Департаментке азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерден мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына, мемлекеттік органдардың әрекеттеріне және қызметтік құқықтардың бұзылуына қатысты түрлі өтініштер мен шағымдар келіп түседі.
Мұндай өтініштерді қарау барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының орындалуына баға беріліп, анықталған мәселелердің себептері зерделенеді. Қажет болған жағдайда бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және заң бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Егер тексеру нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталса, тексерілген мемлекеттік органға уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізеді. Ұсынымда көрсетілген бұзушылықтарды жою жөнінде тиісті шаралар қабылдануы тиіс. Бұл тетік заң бұзушылықтардың салдарын жоюға, мемлекеттік қызметшілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және мемлекеттік басқару жүйесінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі цифрлық технологиялар дәуірінде мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілердің қызметіне қоғамдық бақылау айтарлықтай күшейіп келеді. Азаматтар өз пікірлері мен ұсыныстарын бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және басқа да ақпараттық алаңдар арқылы еркін білдіруде. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларына қайшы келетін сөздері мен мінез-құлқы, жанжалдарға қатысуы немесе өзге де келеңсіз әрекеттері туралы мақалалар мен бейнематериалдар әлеуметтік желілерде жариялануы мүмкін. Егер жарияланған мәліметтер тексеру барысында өз растауын тапса, кінәлі тұлғаларды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Мұндай жұмыстың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтің беделін қорғау және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту. Қоғамдық бақылау мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып қана қоймай, мемлекеттік қызметшілердің өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауына да ықпал етеді.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің немесе мемлекеттік органдардың әрекеттеріне қатысты келіп түсетін өтініштер мен шағымдар мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын бағалауға мүмкіндік береді. Азаматтардың кері байланысы мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. Себебі, мемлекеттік қызметтің сапасы ең алдымен халықтың күнделікті өмірінде, азаматтармен қарым-қатынаста және олардың мәселелерін шешу барысында көрініс табады.
Әрбір өтініштің мән-жайын зерделеу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, заң бұзушылықтардың алдын алу – мемлекеттік басқару жүйесінің ашық әрі тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететін маңызды міндеттер.
Мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті оның жеке беделіне ғана емес, тұтас мемлекеттік қызметтің абыройына әсер етеді. Сондықтан заң талаптарын сақтау, қызметтік әдепті ұстану, азаматтардың құқықтарына құрметпен қарау және өз міндеттерін адал орындау – мемлекеттік қызметшіге қойылатын негізгі талаптардың қатарында.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау, заң бұзушылықтарды анықтау және оларды жою, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған басты құрал.
Мемлекеттік қызмет пен қоғам арасындағы сенім өзара жауапкершілікке негізделеді. Мемлекеттік қызметші үшін бұл – заң мен әдеп нормаларын сақтау, кәсіби міндеттерін адал атқару болса, азаматтар үшін – өз құқықтарын білу және қажет болған жағдайда оларды заңды жолмен қорғау.
Осы бағыттағы жүйелі әрі нәтижелі жұмыс мемлекеттік қызметтің беделін арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге зор үлес қосады.
Мемлекеттік қызметтің басты құндылығы – халыққа адал қызмет ету. Ал адалдық, әдептілік пен жауапкершілік – қоғам сенімін қалыптастыратын берік негіз.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша
департамент басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Т.Жұмағұлов