Ақтаулық тұрғынға тыйым салынған кезеңде үгіт-насихат жасағаны үшін айыппұл салынды
OTPANNEWS.KZ. - Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы (Сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізу) бойынша азамат У.-ға қатысты істі қарады.
Сотта анықталғандай, 30 қазанда жүргізілген тексеру нәтижесінде Instagram әлеуметтік желісінде сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде жарияланған, үгіт-насихат белгілері бар жазба анықталған.
Сот отырысында азамат У. өз кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, сайлауалды үгіт жүргізу ниеті болмаған, ал жарияланымның мақсаты тек кандидаттың куәлік алғаны туралы жұртшылықты хабардар ету болған.
«Құқық бұзушының кінәсі филологиялық зерттеу қорытындысымен, сондай-ақ оның Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған жазбамен, фотосуреттермен және бейнежазбамен расталды. ҚР ӘҚБтК-нің 102-бабының санкциясына сәйкес, жеке тұлғаларға – 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Сот қаулысымен азамат У. ҚР ӘҚБтК-нің 102-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 64 875 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.