«Қазақтеңізкөлікфлоты» контейнер тасымалының жылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындады
OTPANNEWS.KZ. - «Қазақтеңізкөлікфлоты» контейнерлік тасымал бойынша жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындады
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС 2026 жылдың алғашқы 10 айында контейнерлік тасымал бойынша жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындады.
Компанияның мәліметінше, есепті кезеңде тасымал көлемі 58 635 ЖФЭ-ні құрады. Бұл жоспарланған 57 960 ЖФЭ көрсеткішінен 1,2%-ға жоғары.
Сонымен қатар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда контейнер тасымалының көлемі 23%-ға артқан. Атап айтқанда, 2025 жылдың алғашқы 10 айында бұл көрсеткіш 47 691 ЖФЭ болған.
Контейнерлік тасымалдың өсуі транзиттік жүк ағындарының ұлғаюына да оң әсер етті. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда транзиттік тасымал көлемі шамамен 10%-ға өскен.
Компания өкілдерінің айтуынша, қосымша жүк ағындарын тиімді жоспарлау және жаңа тасымал көлемдерін тарту жұмыстары Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етіп отыр.
Бұл көрсеткіштер Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға және Қазақстанның халықаралық көлік-логистикалық жүйедегі позициясын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.