Адамдарды іздеп, қауіпті заттарды анықтайды: Ақтауда Ақтемір есімді робот-ит полицияға көмектесіп жүр
OTPANNEWS.KZ – Ақтауда қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алуға робот-иттер көмектесіп жүр. Заманауи технологиялармен жабдықталған құрылғылар адам көп шоғырланатын орындарды патрульдеп, күдікті жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, қазіргі уақытта қалада екі робот-ит қолданылады. Оның бірі теңіз жағалауында патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге жұмыс істесе, екіншісі Ақтау халықаралық әуежайында қызмет атқарады. Құрылғылар биыл наурыз айынан бастап іске қосылған.
Әуежайдағы робот – Ақтемір. Оны полиция қызметкерлері арнайы пульт арқылы басқарады. Қозғалыс барысында құрылғы айналасын бейнежазбаға түсіріп, ақпаратты қызметкерлердің планшетіне жіберіп отырады. Осылайша әуежай аумағын қосымша бақылауға мүмкіндік бар.
Ақтемір іздеуде жүрген адамдарды анықтайтын жүйемен де жабдықталған. Камера арқылы адамның бет-әлпетін танып, оны іздеудегі азаматтардың деректерімен салыстырады. Сәйкестік анықталған жағдайда жүйе оның ықтимал деңгейін пайызбен көрсетіп, полиция қызметкерлеріне хабар береді.
Бұдан бөлек робот адамның киімі мен қалтасында жасырылған пышақ, тапанша секілді қауіпті заттарды анықтауға арналған сканермен жабдықталған. Күдікті нысан немесе іздеуде жүрген адам анықталса, ақпарат Полиция департаментінің жедел басқару орталығына автоматты түрде жіберіледі. Одан әрі мәлімет әуежайдағы полиция бөлімшесіне жеткізіледі.
Робот-ит әуежайдың бірінші қабатында тұрақты түрде патрульдейді. Қажет болған жағдайда полиция қызметкерлерінің басқаруымен екінші қабатқа да көтеріледі.
Жаңа технологияларды қоғамдық орындарда пайдалану күдікті жағдайларды дер кезінде анықтауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.