Маңғыстауда жараланған жыртқыш құс табиғатқа қайта оралды
МАҢҒЫСТАУ. OTPANNEWS.KZ – Маңғыстауда қанаты сынған жыртқыш құсқа ота жасалып, оңалту шараларынан кейін табиғи ортасына жіберілді. Құс Қаракөл көлі маңында қайтадан көкке самғады.
Бейнеуде жол бойында ұша алмай жатқан құсты байқаған тұрғын көлігін тоқтатып, оған көмек көрсетуге шешім қабылдаған. Құсты абайлап ұстап, қоғамдық қор өкілдерімен байланысқан соң Ақтауға жеткізген.
Жараланған құс жабайы жыртқыш және Қызыл кітапқа енген құстарды уақытша оңалту орталығына тапсырылды. Алғашқы тексеру мен рентген нәтижесінде оның қанаты сынғаны анықталды. Мамандардың айтуынша, кәсіби ветеринарлық көмек көрсетілмегенде құстың табиғатта тірі қалуы екіталай еді.
«Клиникамыздың дәрігерлері құстың жағдайын тұрақтандырып, отаға дайындады. Хирургиялық араласу сәтті өтті. Одан кейін стационарлық емдеу, күнделікті бақылау, жарақаттанған жерді өңдеу және оңалту жұмыстары жүргізілді. Мамандарымыз құстың жағдайын күн сайын қадағалап, оны табиғи ортасына қайтаруға күш салды», – дейді ZOO LEKAR клиникасының ветеринар дәрігері, орнитолог Алина Шарипова.
Қанат сүйектері бітіп, жарақаты жазылғаннан кейін құсты ұшуға жаттықтыру жұмыстары басталды. Мамандар жаттығу жүктемесін біртіндеп арттырып, қанат бұлшықеттерін шынықтырды. Нәтижесінде құс өздігінен ұшуға қайта бейімделді.
Оңалту жұмыстары аяқталған соң мамандар мен қоғамдық қор өкілдері құсты Қаракөл көлі маңына алып барды. Денсаулығы қалпына келген құс маманның қолынан босатылған сәтте қанатын кеңге жайып, көкке көтерілді. Осылайша ол табиғи ортасына қайта оралды.
Құстың қайтадан еркіндікке шығуы – ветеринар мамандардың кәсіби еңбегі мен күнделікті күтімінің, сондай-ақ жол бойында тоқтап, көмек қолын созған азаматтың жанашырлығының нәтижесі.
Umit Mangistau қоғамдық қоры жабайы табиғатты қорғауға және оның тіршілік иелеріне екінші мүмкіндік сыйлауға үлес қосып жүрген барша азаматқа алғыс білдіреді.