Маңғыстауда соғды қызғалдағы гүлдеді

Маңғыстау облысының дала алқабында қызыл кітапқа енген соғды қызғалдағы гүлдеп, ерекше көрініс пайда болды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Абай Жанысбаев есімді блогердің әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасында Маңғыстау даласының көктемгі көріністерін байқауға болады.
Жасыл желекке оранған кең дала мен көз тартарлық ашық түстер қолданушылардың назарын аударып, өңір табиғатының сұлулығына тәнті етті.
Бейнежазбада Көкала қорық-жайылымының көркем көріністері көрсетілген. Кадрлардан даланың көгеріп, табиғаттың ерекше көктемгі реңкке боялғаны анық көрінеді.
Соғды қызғалдағы (Tulipa sogdiana) – сирек кездесетін, ерекше өсімдіктердің бірі. 10-25 сантиметрге дейін өсетін бұл көпжылдық гүл наурыз-сәуір айларында гүлдейді. Ол негізінен Қызылқұм, Қарақұм, Маңғыстау өңірлерінің құмды, кейде сазды немесе тасты шөлдерінде кездеседі.
Бұл қызғалдақ жойылып кету қаупі бар өсімдіктердің қатарына жатады және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.