Бекбол Орынбасаров Жаңаөзендегі сумен қамтамасыз ету бағытындағы бірқатар нысанның жұмысымен танысты
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров Жаңаөзен қаласына жұмыс сапары аясында сумен қамтамасыз ету бағытындағы бірқатар инфрақұрылымдық нысанның жұмысымен танысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары су тазарту станциясының (СТС) қызметін қарады. Мұнда суды тазарту және тұтынушыларға жеткізу үдерісі, станцияның өндірістік мүмкіндіктері мен жүйенің үздіксіз жұмыс істеуіне қатысты мәселелер қаралды.
Сондай-ақ Кендірлі су тұщыту зауыты мен «Алёка» су тұщыту нысанының жұмысына назар аударды. «Алёка» ЖШС жүзеге асырған жобаның жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Зауытта су 50 ұңғымадан алынады. Оны тазартуға арналған құм сүзгілері, бетон резервуарлар және кері осмос технологиясына негізделген тұщыландыру қондырғылары орнатылған.
Кендірлі су тұщыту зауыты қазіргі уақытта тұрақты әрі өндірістік режимде жұмыс істейді. Жаз мезгілінде Жаңаөзен қаласының нақты тұтыну қажеттілігіне сәйкес мұнда тәулігіне орта есеппен 16 мың текше метр ауызсу өндіріліп, қала тұрғындарына үздіксіз жеткізіледі.
Сонымен қатар, Бекбол Орынбасаров «Тұрмыс Сервис» мекемесіне қарасты су қоймасы мен суды айдау станциясының жұмысымен танысты. Нысандардың техникалық жағдайы, суды сақтау және тұтынушыларға жеткізу жүйесінің жұмысы қаралды.
-Тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету үшін су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Атап айтқанда, тозығы жеткен су құбырларын кезең-кезеңімен жөндеуден өткізу, желілерді жаңарту, су шығыны мен техникалық ақаулардың алдын алу маңызды. Сонымен қатар су тазарту қондырғыларының, сорғы станциялары мен су қоймаларының жұмысын тұрақты бақылауда ұстап, олардың техникалық жағдайын жақсарту керек. Жоспарланған жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етіп, сумен жабдықтау жүйесінің үздіксіз қызметіне басымдық беру қажет, - деді Бекбол Орынбасаров.