Маңғыстауда Түркияның Ұлттық күніне арналған салтанатты жиын өтті
OTPANNEWS.KZ.- Маңғыстауда Түркия Республикасының 103 жылдық мерейтойына арналған қабылдау өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы, Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш, Қазақстандағы этномәдени орталықтардың өкілдері, жоғары оқу орнының басшылары, бас консулдар және қала мен өңірдің құрметті азаматтары мен тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы өз құттықтауында Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық ортақ тарихи тамыр мен бауырластық байланыстарға негізделгенін атап өтті.
- Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестік жыл өткен сайын жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Маңғыстау облысы түрік инвесторларымен және іскер топтарымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Сауда-экономикалық, логистикалық, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен жобалар – бауырластығымыздың нақты жемісі. Маңғыстау өңірі мен Түркия арасындағы әріптестік байланыстар алдағы уақытта да тереңдей түсетініне сенімдімін. Баршаңызды Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Түрік халқына бейбітшілік, береке мен өркендеу тілеймін, - деді Тілек Жеткізгенұлы.
Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Билал Емре Биралдың айтуынша, Республика күнінің тарихи маңызы ерекше. Ол 1923 жылғы 29 қазанда Түркия Республикасының жариялануы елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің қалыптасуындағы маңызды кезең болғанын атап өтті. Сондай-ақ Мұстафа Кемал Ататүрік пен ұлт-азаттық күрес қаһармандарының еңбегіне құрмет білдірді.
- Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстар тұрақты дамып келе жатыр. Маңғыстау облысы Қазақстанның батыс өңіріндегі маңызды логистикалық аймақ ретінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік береді. 29 қазан - Түркия халқының ең басты ұлттық мерекесі. Биылғы мерекені Қазақстанда отандастарымызбен, қазақ бауырларымызбен және консулдық өкілдіктермен бірге атап өткенімізге қуаныштымыз, - деді Билал Емре Бирал.
Сондай-ақ қабылдау барысында Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның Республика күніне арналған бейнеқұттықтауы көрсетілді. Мерекелік бағдарлама аясында Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздары музыкалық қойылым ұсынды.