Ақтауда 15 елдің жетекші университеттері бас қосқан халықаралық білім жәрмеңкесі өтті
OTPANNEWS.KZ. - Бүгін, 2 қарашада Ақтауда халықаралық университеттер жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 15 елден 100-ден астам жоғары оқу орны қатысып, өңір оқушылары мен ата-аналарына шетелде білім алу мүмкіндіктерін таныстырды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Жәрмеңке облыстық білім басқармасымен және Ақтау халықаралық мектебімен (AIS) бірлесіп ұйымдастырылды. Оған АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Еуропа және Азия елдерінің жоғары оқу орындары, сондай-ақ Қазақстандағы университеттер қатысты. Олардың қатарында КИМЕП, SDU, KNUS, және Нархоз университеттері, сондай-ақ Кардифф және Ковентри университеттерінің Қазақстандағы филиалдары бар.
Жәрмеңке аясында ашылу салтанаты, спикерлердің баяндамалары мен оқу сессиялары өтті. Қатысушылар университет өкілдерімен тікелей сөйлесіп, оқу бағдарламалары, білім алу шарттары және халықаралық мүмкіндіктер туралы ақпарат алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке биыл екінші рет өткізіліп отыр. Осы жылдың сәуір айында өткен алғашқы шараға негізінен Азия университеттері шақырылса, биыл Еуропа мен Америка жоғары оқу орындарына басымдық берілген.
Іс-шараның басты мақсаты – халықаралық университеттердің білім беру мүмкіндіктерін өңір жастарына таныстыру және сапалы білімге қолжетімділікті арттыру. Бұл Ақтау мен Жаңаөзен қалаларының ғана емес, бүкіл Маңғыстау өңіріндегі оқушыларға шетелдік жоғары оқу орындарымен танысуға мүмкіндік береді.
-Әр баланың қабілеті, білімі мен таланты бар. Сондықтан әрқайсысы сапалы білім алуға тең мүмкіндікке ие болуы керек. Біз халықаралық университеттерді Ақтауға шақырып, өңір балаларының олардың білім беру бағдарламаларымен тікелей танысуына жағдай жасағымыз келеді, - деді Ақтау халықаралық мектебінің кеңес беру бөлімінің басшысы Сұлтан Ахметов.
Айта кетейік, жәрмеңкеге 100-ден астам мектептің оқушылары мен ата-аналары алдын ала тіркелген. Қазіргі уақытта қатысушылар саны 1 500 адамға жетті.