«Текті бала» ұлттық таным лагерінің жеті күндік бағдарламасы қорытындыланды
OTPANNEWS.KZ – «Parasat Aktau» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Текті бала» ұлттық таным лагерінің жеті күндік бағдарламасы қорытындыланып, мерекелік гала-кеш өтті.
Салтанатты шара барысында лагерь қатысушылары өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі. Балалар дайындаған шығармашылық қойылымдар көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кеш аясында лагерь бойы балалардың қолынан шыққан ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған жұмыстар жас қатысушылардың шығармашылық қабілеті мен ұлттық өнерге деген қызығушылығын көрсетті.
«Бұл жеті күндік лагерьді ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, салт-дәстүрімізді тереңірек таныту. Сонымен қатар балалар гаджеттен бір сәт алыстап, уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізуіне мүмкіндік жасауды көздедік. Лагерь барысында қатысушылар ұлттық ойындар ойнап, қолөнермен айналысып, қазақтың әдет-ғұрпы мен мәдениетін таныды. Ең бастысы, балалар бір-бірімен араласып, жаңа достар тапты. Осындай жобалар арқылы өскелең ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастырып, рухани тәрбиесіне үлес қоса аламыз деп сенемін», – деді «Parasat Aktau» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Толқын Кусайынова.
Шара соңында лагерь қатысушыларын марапаттау рәсімі өтіп, балаларға естелік сыйлықтар мен марапаттар табысталды.
Жеті күнге созылған лагерь бағдарламасы аясында балалар ұлттық салт-дәстүрлермен танысып, ата-баба мұрасын дәріптейтін түрлі танымдық және шығармашылық іс-шараларға қатысты. Сонымен қатар гаджетсіз уақыт өткізіп, жаңа достар тауып, өзара тәжірибе алмасты.